2021 жылдың І жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1 адамға шаққанда 22.7 мың АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110.6 пайызға артқан. Бұл туралы Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.
Кәсіпкерлік саласы бойынша биылғы жылдың 9 айлық қорытындысын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы аясында атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндаған Б.Дүйсебеков есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібіне 55.4 млрд теңге инвестиция салынғанын жеткізді. Сондай-ақ қала кәсіпкерлері 8 айда 282 млн АҚШ долларына дайын бұйымдар экспорттаған. Өз кезегінде 9 айда бұл көрсеткіш 315 млн. долларға ұлғаймақ. Басқарма басшысының айтуынша, жалпы экспорт көлемі 450 млн долларға ұлғаймақ.
-Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 9 ай ішінде 30 пайызға жетеді деп күтілуде. Қалада бүгінгі таңда 713 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, соның 25 ірі қалғаны орта кәсіпорындар. Өндіріс орындарында 32.6 мың адам еңбек етеді. Өнеркәсіп саласында 484 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл саладағы өнім 69.1 млрд теңгеге немесе 5 пайызға өсіп отыр. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемі 628 млрд теңгеге ұлғаяды деп болжануда, – деді Береке Талғатұлы.
Баяндамашының айтуынша, биылғы жылдың 10 айында қала экономикасына 310 млрд теңге инвестиция тартылған.
Сонымен қатар Жолдаудағы тапсырмаларды орындау мақсатында алдағы 4 жылда 2.6 трлн теңгеге 282 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ брифингте Б.Дүйсебеков кәсіпкерлік саласындағы толғандырған кез келген мәселе бойынша азаматтар қаладағы «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі арқылы тиісті мәлімет пен кеңестер ала алатынын мәлімдеді.