Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Желтоқсан жаңғырығы» патриоттық әлеуметтік жобасы аясында 1986 жылғы желтоқсан қатысушыларына арналған патриоттық әндер байқауы өтті.
Мақсаты жас ұрпақты қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу және патриоттық шығармалардың отандық авторларына атаулы қолдау көрсету, репертуарды патриоттық тақырыптағы жаңа музыкалық шығармалармен толықтыру, қазақстандық ән туындыларының бәсекелестік әлеуетін арттыру болып табылады.
Шымкент қаласының 16-29 жас аралығындағы 15 жас таланттары бақтарын сынаған байқау 2 кезеңнен тұрып, бірінші кезеңде қатысушылар патриоттық ән орындаса, ал екінші кезеңде еркін тақырыпта ән орындады.
Жеңімпаздарды анықтау үшін Шымкент қалалық мәдениет үйінің әртістері Ө. Бөріханов, Ә. Маукенова және Х-фактор жобасының жеңімпазы А. Қарғабай әділ-қазылық жасап, нәтижесі бойынша жүлделі 1 орынды – Ораз Нышанбаев пен Фархад Бақытұлы, 2 орынды – Саз колледжінің студенті Павел Ким қанжығасына байлап, ал 3 орынды – Жандос Әшірбек иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ұйымдастыру тарапынан дипломдар және қатысушыларға арнап арнайы алғыс хаттар табыстады.