Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жұмыс сапарында жергілікті кәсіпкерлермен арнайы кездесті. Галстуксыз жүздесуде кәсіпкерлер тарапынан өткір мәселелер ашық айтылып, ұсыныстар берілді. Мақта шаруашылығындағы түйткілдер, егістікті әртараптандыру, өндіріс орындарын ашу, елді кәсіпкерлікке баулу, жаңа жобалар іздеу бағытында қызу пікірталас өрбіп, жоспарлар сараланды. Облыс әкімі өндіріс орындарын ашу, отандық өнімді көбейту арқылы ғана тығырықтан шығуға болатынын ашық айтты.
«Өздеріңізбен жүздесіп, еркін пікір алмасу үшін арнайы келіп отырмын. Жетісай ауданының басым бағыттары – мақта шаруашылығы және сауда-саттық. Өткен жылы геосаяси жағдай және биржадағы бағаға байланысты диқандар да, мақта зауыттары да қиналды. Әкімдік тарапынан шетел инвесторларымен кездесулер өтті. Зерттей келе мақтаның сапасын арттыру керек екенін білдік. Сапасы жоғары мақта ғана жоғары бағада саудаланады. Осы бағытта Түркиямен келіссөз жүріп, мың тонна сапалы шит алатын болдық. Екіншіден, аймақта мақта зауыттары мен тігін фабрикаларын көбейтпей, іс түзелмейді. Ал бұл іске алдымен кәсіпкерлер мүдделі болып, жоба ұсынуы керек. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз. Шиттің сапасын арттырып, мақта өңдейтін кәсіпорындарды көбейтуге күш саламыз. Бірақ шаруалар егістікті әртараптандыру мәселесіне де ынталы болуы тиіс. Біз бірқатар инвестормен жүгері, маш дақылын өсіруге келісім жасап жатырмыз. Маш егу арқылы су үнемделеді және табысы жоғары. Сіздер көтеріп отырған мәселелер назарға алынады. Жердің құнарын арттыру, тыңайту ұсыныстарын да қарастырамыз. Дегенмен сіздер әр түрлі идеяларды ойластырып, жұмысты жандандыруға тиіссіздер. Сырттан ешкім келіп, бізге көмектеспейді. Осы аймақтан шыққан ірі кәсіпкерлерді де шақырып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуды тапсырды. Осыған орай еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Несиелер, субсидиялар қарастырылған. Кәсіпкерлік дамыған қоғамда жұмыссыздық деңгейі төмеп, халықтың жағдайы жақсарады», деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты ауданда қайта өңдеу саласына қажетті шикізаттың, нақтырақ айтқанда бау-бақша мен жеміс-жидектердің жеткілікті екендігі айтылып, мақта, жүгері, маш шаруашылықтарын дамыту, ағын суды үнемдеу тәсілдері кеңінен сөз болды. Ұсыныс-пікірлер талқыланып, сұрақтарға жауаптар берілді.
Айта кетейік, өткен жылы ауданның өнеркәсіп өнім көлемі 14 млрд. 814 млн. теңгені құраса, оның 7,6 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. 19 мың шағын және орта бизнес субъектілерінде 21 186 адам жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі