Түркістан өңірінің тұрғындары Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Бұл жұмыс күші тапшы Солтүстік аймақтың мәселесін шешіп қана қоймай, оңтүстіктегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге әсер етеді. Өйткені, облысымыздағы 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында. Осы мақсатта Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен, Қарағанды облысынан арнайы келген делегацияның қатысуымен Түркістан облысының азаматтарына бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің бастау алды.
Жуырда Түркістан облысы мен Қарағанды облыстары әкімдіктері тарапынан жұмыспен қамту мәселелерін көздейтін өзара міндеттемелер жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне облыстың жұмыссыз тұрғындары мен білім беру ұйымдарының бітіруші түлектерін қатыстыру көзделуде.
Іс-шара алдымен Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ұйымдастырылды. Жәрмеңкені аталған өңірдің ірі кәсіпорын басшылары мен жұмыспен қамту орталықтарының директорлары жүргізді. Сағат 10.00-13.00 аралығында Сауран ауданы және Түркістан қаласының тұрғындары үшін Қарағанды облысының жұмыс берушілері вакансияларды таныстырып, кеңестер берді. Атап айтқанда, «Kama TyresKZ», «Qaztehna», «Горкомтранс города Караганды», «Караганда Энергоцентр», «Asia FerroAlloys», «Шубарколь Премиум» ЖШС кәсіпорындарының өкілдері түсіндіру жүргізді. Бірі дөңгелек шығаратын арнайы зауыт болса, енді бірі тігін саласымен айналысады.
– Шараны ұйымдастырудағы мақсат – Түркістан облысының жұмыс іздеп жүрген азаматтарымен бетпе-бет сөйлесе отырып, бос орындарды соған қарай талдау және жетілдіру. Қазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша 3 мыңнан астам бос жұмыс орны болса, жәрмеңкеде 9 мекеге 900-ге жуық вакансияны ұсынып отырмыз. Зейнет жасына дейінгі азаматтар осы шараларға қатыса алады. Жалақы мөлшері 150-500 мың теңге аралығын құрайды. Сондай-ақ ниет білдіріген, қызығушылық танытқан азаматтарды жатақханамен қамту қарастырылған, – дейді Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі техникалық және өнеркәсіптік мамандықтар бойынша ұсынылды. Тағылымдама негізінде баратын әйелдер және ер азаматтар үшін жұмыстардың түр-түрі қарастырылады. Мәселен, Қарағанды облысындағы мекемелерге жүргізуші, күзетші, бақылаушы, тасымалдаушы, құрастырушы, дәнекерлеуші, электрик, жол монтері, инженер-технолог, электроника инженері, шебер, қазандық тазалаушы, жүк тиеуші, меңгеруші, байланыс электромонтері, ағаш ұстасы, ТЖ логисті, геолог, шикізатты немесе жартылай фабрикаттарды және дайын өнімді қабылдаушы, техникалық персонал маман иелеріне қажеттілік туындауда.
– Бос жұмыс орындары бойынша хабарландыруды естіп келдім. Жас отбасы болған соң, кез келген қолайлы жұмыс орны болса баруға дайынбыз, – дейді қала тұрғыны Байзақ Жанғали.
Түркістан қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жалпы 112 азамат қатысса, оның 58-і жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Арасында мүгедектігі бар азаматтар, студенттер және көпбалалы отбасылар бар.
Делегацияның жұмыс сапары екі күнге жалғасады. Басқарма басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, облыс орталығынан соң ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бүгін Кентау қаласында өткізіледі. Ал ертең Сарыағаш және Келес аудандары тұрғындары үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Сарыағаш қаласында ұйымдастырылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі