Төлеби ауданы әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен әкімдіктің жоспарлы мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, сала басшылары баяндама жасады. Ең бірінші, жайылым жерлерді халықтың ортақ жайылымына қайтару және ортақ жайылым ретінде зандастыру жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев баяндады.
2021 жылғы 01 қыркүйектегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды екенін, қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүргенін айтып, аталған бағытта жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сай, аудандағы жайылымдық жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, аудан аумағындағы жер көлемі 70257 гектар екені анықталып, 2021-2022 жылдары 17222.2 га, 2023 жылы 4948,1 га аумақ қайтарылды. Жайылым жерлерді мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмыстары жүргізіліп, жайылым жерлерді басқару схемасына енген 8555 га жерді қайтаруға 2 ауылдық округтен 1337 гектарға ұсыныс түскен. Аудан әкімі аталған бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырып, ортақ жайылым жер аумағын кеңейту маңыздылығын түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, 2021-2022 жылдары қайтарылған жайылымдық жерлерге мемлекеттік акті алып, ауылдық округтерге пайдалануға беру барысы жөнінде «жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру бөлімшесінің» Төлеби аудандық бөлімше басшысы Олжас Тұрсынов хабарлады. Бұл бағыттағы жұмыстар өз кезеңімен жүзеге асуда.
Мәжіліс күн тәртібіне сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептердің жер телімдері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын барысы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар нәтижесімен таныстырды.
Жиын барысында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев құрылыс жұмыстары аяқталған ауыз су нысандарын қабылдау барысын баяндады.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ерхасен Тілеубердиев Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 2024 жылы жобалау – сметалық құжаттамасы әзірленетін нысандармен таныстырды.
Мәжіліс күн тәртібінде көтерілген әрбір мәселе талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Төлеген Тұртайұлы әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы жүргізілуін және мерзімінде аяқталуын тапсырып, нақты тапсырмалар жүктеп, іске асуын өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.