Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жүзімдік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында елді толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, атқарылатын жұмыстадың барысы талқыланды.
– Өздеріңізбен жыл басынан бері төртінші рет кездесіп отырмыз. Өткен кездесулерде жалпы 8 нақты мәселе көтеріліп, арнайы іс-шара жоспары істелді. Бүгінгі таңда сол түйіткілдерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсам, Оңтүстік елді мекенінде ауыз су құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім ұсынылған. Қазіргі таңда аталған жоба қолдау тауып отыр. Алдағы уақытта мердігер мекемені анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланатын болады. Сонымен қатар, Жүзімдік ауылында мәдениет үйін салу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасына ұсынылған. Сондай-ақ, Жүзімдік ауылдық округі аумағындағы «Ащысай» каналын механикалық тазалау жұмыстары «Тұран су» МКК тарапынан осы жылдың соңына дейін аталған каналдың 20 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетін болады, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында аудан әкімі Ақсу елді мекеніне баратын аудандық маңызы бар жолды орта жөңдеуден өткізу бағытында арнайы құжаттамалары әзірленіп жатқанын атап өтіп, Жүзімдік елді мекенінен амбулатория құрылысына 0,50 га жер бөлінгенін, қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 2024 жылы құрылысын жүргізу жоспарда тұрғанын айтты. Сонымен қатар, “Ауыл аманаты” жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, бағдарламаның шарттары мен мүмкіндіктерін баяндады.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар айтылып, тиісті жауаптары берілді. Шешілуі уақыт талап ететін мәселелер бойынша арнайы ісшара жоспары бекітілді.