Келес аудан әкімдігінің мәжілісінде «Қаржыгерлер күні» кәсіби мерекесіне және 15 қараша – Ұлттық валюта теңгенің айналымға енгізілгеніне орай мерекелік қабылдау болып өтті. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев сөз алып, қаржы саласының тұрақты дамуына зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін құттықтады.
– 1993 жылы 15 қарашада Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді. Қазақстанның дербес даму жолына түсіп, аз ғана мерзім ішінде қаржы жүйесі құрылды.
Байыпты жүргізілген реформаның нәтижесінде төл теңгемізге деген сенімділік арта түсті. Қазіргі таңда ауданымыздың қаржы саласы қарқынды дамып, жыл сайын аудан бюджеті молайып келеді. Алда тұрған міндеттерді шешуде қаржы саласының мамандары өздерінің қомақты үлестерін қосып, салада тәжірибелі, өз ісіне берілген біліктілігі жоғары мамандар қызмет атқаруда. Қаржы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен және Ұлттық валюта-теңге күні мерекесімен құттықтай отырып, мол жауапкершілікті талап ететін, қиын да абыройлы қызметеріңізге табыс, өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын соңында Даурен Нұрланұлы мен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ергеш Абишов облыстық экономика басқармасы басшысының, “Amanat” партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының және Келес ауданы әкімінің алғыс хатымен ауданымыздың қаржы саласының дамуына үлес қосып жүрген сала үздіктері марапатталды.
«Қазақстан Республикасының аумағында 1993 жылғы 15 қарашада сағат 08.00-ден бастап /жергілікті уақыт/ Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы-теңге айналысқа енгізілсін. 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап /жергілікті уақыт/ теңге Қазақстан Республикасындағы бірден-бір заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасында қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болады. Теңгені Қазақстан Республикасының аумағында меншік нысандарына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалар төлемдердің барлық түрінде, сондай-ақ ешқандай шектеусіз салымдар мен шоттарға қосу үшін банктер қабылдауға міндетті», делінген тарихи құжатта.
Ал ұлттық валютамыздың дизайнын жасауға Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Меңдібай Алин және Хайрулла Ғабжалилов сынды суретшілер тобы жұмылдырылған. Олар қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері: Сүйінбай, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, хан Әбілқайыр мен хан Абылай бейнеленген теңгенің алғашқы дизайнын жасап шығарды. Бұл дизайн көпшіліктің көңілінен шықты. Сол кездегі теңгенің сапасы да сол тарихи тұлғалардың болмысына тең келетін. Сыйы да, құрметі де, құны да болды!