Жаз мезгілінде Келес ауданының орталығы Абай ауылы бойынша таза ауыз сумәселесі өте өзекті болып отыр. Осыған орай, бүгінде Абай насос станциясының екі жерінен ұңғымалар қазылып, мембраналық су тазартқыш фильтрі, 500 тонналық қалдық суларын шығаратын су қоймасына және су сорғылары мен тиісті құрылғыларын орнатуға бюджеттен 134 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. 2024 жылы ұңғымалар іске қосылып, Абай ауылын тәулік бойы таза ауыз суымен қамту жоспарлануда. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай ауылының тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.
Аудан басшысының Абай ауылы тұрғындарымен кездесуі Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылып, көше, мөлтек аудандар мен ауылдың төбе билері қатысты. Кездесу барысында өткен жолғы бас қосуда көтерілген мәселелерге тоқталған аудан басшысы, алдағы жоспарыларымен де бөлісті.
– Бүгінде Абай ауылы, аудан орталығы болып қалыптасуымен әлеуметтік экономикалық даму қарқыны ұлғайып, халқының саны өсуі негізінде аудан орталығында орналасқан инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, жаңадан қалыптастыру, абаттандыру жұмыстарды жүргізу қажеттілігі туындауына байланысты, Абай ауылының «егжей-тегжейлі жоспарлау мен біріктірілген бас жоспарына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Өзгерістер қоғамдық талқылауда қаралып, тиісті шешім қабылданады. Жоспарға сай аудан орталығындағы бірнеше өзекті мәселелерді шешілуі көзделуде, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Бүгінгі таңда аудан орталығындағы Ынтымақ, Қожамберді батыр, Отан, Мәдениет көшелерін сапалы электр қуатымен қамту шаралары атқарылуда. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов көшесінің өткелін орта жол жөндеуден өткізуге ұсынылып, бүгінде асфальттауға дайындық жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін аяқталуы жоспарланып отыр. Ал, З.Рүстемов, Қойлыбаев көшелерін жарықтандыру мақсатында «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мекемесіне қарасты бетон бағаналарына жарық қондырғыларын орнату үшін техникалық шарттары алынды. Ендгі кезекте жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Кездесу соңынан тұрғындар аудан әкіміне ауылдың әлеуметтік мәселелері жөнінде сұрақтары мен ұсыныстарын жолдап, тиісті жауаптары берілді.