Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Аққолтық ауылына арнайы барып, тарихи сәтте дүниеге келген Ахмет есімді сәбидің ата-анасын арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
-Өткен күні аудандық ауруханаға арнайы бардым. Онда еліміздегі тарихи сәтте дүниеге келген аналарды құттықтап, құрмет көрсеттім. Сол сәтте сіз қалалық ауруханада болғандықтан арнайы шаңырағыңызға келіп, құттықтауды жөн көрдім. Себебі, мен үшін аудандағы әрбір шаңырақтың қуанышы өте маңызды. Барша қазақ елі бұл тарихи оқиғаны аса қуанышпен қарсы алуда. Алдағы уақытта шаңырақтарыңызды қуанышқа бөлеген Ахметтің тұсауын кесіп, қуанышты күндерін бірге еңсеретін боламыз,-деген аудан басшысы сәбидің ата-анасына алғыс хат пен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, жаңадан туылған Ахметтің анасы Бекжігітова Торғын мен әкесі Алмас Сейдуалиев қазіргі күні бір қыз, төрт ұл өсіріп, Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Аққолтық елді мекенінде жеке кәсіппен айналысады.
2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстанда халық саны 20 милллионға жетіп, тарихи оқиға тіркелді. Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков орталық ауруханаға арнайы барып, 14 қараша күні дүние есігін ашқан сәбилердің аналарын құттықтады.
-Бүгін еліміз үшін тарихи күн орын алды. Халық саны 20 миллионға жетті. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген Сіздердің бойларыңызда нәзіктік пен сұлулық, ақыл мен парасат, төзімділік пен өрлік секілді қасиеттер үндесе үйлесіп жатады. Әрдайым шат-шадыман күй кешіп, отбасының, Отанның мерейін үстем етулеріңізге тілектеспін. Сәбилердің денсаулығы мықты, өмір жастары ұзақ болсын,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сәбилердің аналарына арнайы алғыс хат пен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, 13-ші қарашадан 14-не қараған түні аудандық орталық ауруханада Ерсенұлы Хансұлтан, Жарқынбек Асылым және Ізетулла Сұлтан есімді үш нәресте дүниеге келді.