Төлеби ауданында жылдағы дәстүр бойынша «Алтын күз» мерекесі аталып өтті. Мерекеге орай Ленгір қаласының орталық алаңында өткен жәрмеңкеде азық-түлік өнімдері жеңілдетілген бағамен саудаланып, ауылшаруашылық саласының өнімдері мен өзге жетістіктері көрмеге қойылды.
Аудандық Мәдениет үйінің алыңында салтанатты жиын өтіп, аудан әкімі Төлеген Телғараев еңбегімен дараланған азаматты Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, бұл салада жетістікке жеткен ауылдық округ әкімдіктерін жеңістерімен құттықтады.
Ауданның агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген ауылдық округ әкімдері марапатталды. Ауыл шаруашылығы саласында үздік атанған Бірінші Мамыр ауылдық округі – бірінші орынды иеленсе, Киелітас ауылдық округі – екінші орыннан, ал Көксәйек ауылдық округі үшінші орыннан көрінді.
Төлеби ауданында ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 10 айдың көрсеткіші бойынша 58,9 млрд. теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6 млрд теңгеге артты.
Биылғы жылы 65636 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, астықтан – 44652 тонна, майлы дақылдан – 12 991 тонна, картоптан – 23293 тонна, көкөністен – 31610 тонна, мал азықтық дақылдардан – 90950 тонна өнім жиналды.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев ауылшаруашылық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне Алғыс хат табыс етті.
Айта кетейік, облыстық «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері» күніне арналған «ALTYN KUZ – 2023» салтанатты іс-шарасында Төлеби ауданы мақсары өндіруден озат аудан, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудан озат аудан номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар облыстық озат жылқы шаруашылығын дамытушы номинациясымен «Бекшеге» шаруа қожалығы марапатталған болатын.