Бүгін «AMАNAT» партиясы Кентау қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде партиясы филиалының төрағасы Арман Басаровтың қатысуымен, қалалық орталық аурухана басшысы Утебаев Асылбек Бақытбекұлы, ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің № 2 медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Алиев Шерзод Бахтиярұлы, Кентау қалалық емханасының басшысы Мырзабеков Ғани Бахтиярұлы денсаулық мәселесі бойынша тақырыптық қабылдау өткізді.
Қабылдауға жүгінген қала тұрғыны Д.Килыбаев өзінің денсаулығына байланысты мүгедектікке шығаруға көмек беруін сұрады. Ал, қала тұрғыны М.Байметова денсаулығына байланысты тиісті дәрігерге есепке тұруға, ары қарай емделуге көмек сұрады. Ал П.Кулпейсова өз мамандығы бойынша (техник – стоматолог) жұмысқа орналасуға көмек сұрай келген болатын.
Аталған өтініштер бойынша Денсаулық саласының мамандары тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіп, азамат Д.Килыбаевқа мүгедектікке шығаруға көмек беретінін жеткізсе, М.Баиметованы тиісті арнайы дәрігерге есепке алып, емделуге ықпал жасайтынын, ал А.Кулпейсоваға «Мансап» орталығына тіркеліп, емханаға ақылы – қоғамдық жұмысқа алынатыны жеткізілді.
Өңірдегі медициналық ұйымдарда 5,5 мыңнан астам дәрігер және 19 мыңнан астам орта буынды қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84 пайыздан асып, жоспар толығымен орындалды. Нәтижесінде, негізгі ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. Биыл 14 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы бар заманауи медициналық кешен құрылысының жобасы әзірленуде. Келесі жылы құрылысы басталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр.
Өткен жылы өңірде 31 нысанның құрылысы жүргізіліп, 16-сы пайдалануға берілді. Оның ішінде емхана – 1, жедел жәрдем станциясы – 1, ФАП – 3, медпункт – 11. Биылға қосымша 14 нысан тапсырылуда. Оның 4-і –дәрігерлік амбулатория, 10-ы – ФАП. Облыс бойынша құны 185 млрд. теңге құрайтын 6 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана, облыстық балалар ауруханасы, «Ана мен бала» орталығын, сондай-ақ, Ордабасы ауданында перинаталдық орталық салынбақ.
Аталған 570 төсек орындық көпсалалы ауруханасы бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, түркиялық инвестор «YDA Holding» есебінен соғылуда. 2023 жылдың сәуір айында жобалау-сметалық құжаттамаға оң қорытынды алынды. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне көпсалалы ауруханасын салу бойынша бизнес-жоспар ұсынылды. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 40% аяқталды. 2024 жылдың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.Түркістан облысы бойынша 749 медициналық мекеме елге медициналық қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда бейінді мамандарға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 60 грантқа қаржы бөлінді. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек ретінде 1,5 млн. тг. төленуде. Бүгінгі таңда ауылды жерге барған 21 жас маманға әлеуметтік көмек берілген.