Қазақстанда жыл сайын органдарды ауыстыруға байланысты шамамен 300 операция жүргізіледі, мұндай операция жасалуға тиіс адамдар саны бүгінгі күнде 3,5 мың адамға жетіпті. Жағдайды қиындатып отырған басты себеп-донорлық органдардың тапшылығы. Бұл проблема қалай шешілмек? Қазақстанда донорлық қалай дамуда? Трансплантологияның даму келешегі қандай болмақ? Бұл көптің көкейіндегі сауал.
Донор болуға қазақ дайын емес!
Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің трансплантациялау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Серік Жариков мырзаға құлақ түрелік: «Тәуелсіз Қазақстанда трансплантация 2012 жылдан бастап қарқынды дами бастады, ол кезде елімізде алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалған еді. Сол кезден бастап Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен трансплантациялық үйлестіру жөніндегі бірыңғай қызмет, яғни Денсаулық сақтау министрлігінің трансплантациялау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы құрылды. Орталықтың тікелей денсаулық сақтау министрлігіне қарасты екендігіне назар аударғым келеді. Бұл бүкіл әлемге тән практика, трансплантация жөніндегі ұлттық орталықтар денсаулық сақтау министрлігіне бағынады немесе оның құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Тек кейбір елдерде ғана ол мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік, бірақ қандай жағдай болмасын оған мемлекет тарапынан бақылау жүргізіледі. Қазіргі кезде Қазақстанда орташа алғанда шамамен 300 ота жасалады. 2012 жылдан бері 1,5 мың операция жасалды, дәлірек айтар болсақ – 1508 бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе алмастыру және бірлі-жарым ұйқы безін алмастыруға қатысты оталар бар.
2012 жылдан бері біз мәйіттік донация мен тірі донорлық жағынан біршама тәжірибе жинақтадық. 2012 жылдары туысқандардан өлген адамның донорлыққа көзқарасы қалай еді, деп сұрағанда, олардың реакциясы тым негативті болатын, адамдар тіптен бізбен сөйлескісі келмейтін. Бүгінгі күнде жағдай түбегейлі өзгерген. Дегенмен, статистиканы алар болсақ, 70% жағдайда біз рұқсат ала алмаймыз. Өлген адамның туыстары оның донорлыққа қатысты көзқарасын білмейтіндігін, ол үшін шешім қабылдай алмайтындығын айтады. Сол себепті елде донорлық органдар тапшы. Бұл көп елдерге тән жәйт. Қазақстан емханаларында өлген соң донор болуға ерікті түрде келісімдерін берген 15 адамның өтініші ғана бар. Әзірге Қазақстан азаматтары органдарын беруге дайын емес». Бұл да болса трансплантацияға халықтың әлі көзі үйренбегенін, әлі де тәуекелі жетпей жатқанынан хабар берсе керек
Қалай десек те қазақстандық хирургтер Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін, жүрек алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асыруда. 1902 жылы аустриялық хирург Е.Ульманн оташылар қоғамының кезекті отырысында алғаш рет бүйректі зертханалық жағдайда трансплантациялау отасын (иттің бүйрегін ешкіге отырғызған) іске асырғаны жайлы хабарлама жасады. Оның бұл бағыттағы жұмысын АҚШтың Чикаго университетінің клиникасында А.Каррель жалғастырып, 1904 жылы бүйрек алмастыру операциясын жүргізді. Сөйтіп трансплантологияны дамытуда сіңірген еңбектері үшін АҚШ ғалымдары арасында тұңғыш Нобель сыйлығына ие болған ғалым Алексис Каррель болды. Әлем ғалымдарының ізденістерінің арқасында 1953 жылы Биллингэм, Брент және Медава «жасанды бүйрек» аппаратын ойлап шығарды. Көп ұзамай дәрігерлер Хьюм, Меррил және Торн алғаш рет адамдарға бүйрек алмастыру оталарын жасап, тәжірибеге енгізді. Бауырды алмастыру проблемалары бүйректен кейін екінші болып қолға алынды. Осы жерден тоқтап, ойымызды медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков мырзаның мына бір пікірімен тұздықтасақ: «Қазақстанда органды трансплантация (бауыр алмастыру) операциясы тұңғыш рет А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми зерттеу хирургиялық институтында (Алматы) 1997 жылы жасалды. 2000-жылдары профессор Жақсылық Досқалиев бастаған ғалым-оташылар бауыр циррозында бауыр жасушаларын алмастырып салуды тәжірибеге енгізді. 2009 жылдан бастап елімізде лейкоз ауруларына шалдыққан балаларға сүйек майын алмастыру операциясы жасала бастады. Егер 2009 жылы елімізде органдар мен сүйек майына бар-жоғы 4 ота жасалған болса, 2012 жылы олардың саны 74-ке, ал 2013 жылдың жарты жылында 93-ке жетті. Қазіргі кезде трансплантация экспериментті биология мен медицинада ауто- (өз тіндерін трансплантациялау), гомо- (сондай түрдің донорынан трансплантациялау) және гетеротрансплантация (басқа түрдің донорынан трансплантациялау, мысалы, итке қояннан) кеңінен қолданылады. Трансплантатқа қойылатын басты шарттар: мәйіт жас адамдікі болғаны жөн; қан қысымы қайтыс болғанша қалыпты деңгейде болуы; қатерлі ісік немесе жұқпалы аурумен ауырмағандығы; ауруханада қайтыс болуы (немесе адам қайтыс болар алдында бірнеше сағат ауруханада болғаны) қажет. 2012 жылдың 8 тамызында Қазақстан кардиохирургтері созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны 38 жастағы Жәнібек Оспановқа донорлық жүрек трансплантациясын жасады. Бұл ота еліміздің жетекші кардиохирургі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя мен Чехияның кардиохирургі Жан Пирктың қатысуымен жүзеге асты. Мұндай күрделі ота отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ Ұлттық медициналық холдингінің 3-клиникасының – Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығының, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы мен Республикалық диагностикалық орталығының жедел және үйлесімді жұмыстарының арқасында мүмкін болды. Себебі, ми өлімі тіркелген әлеуетті донор туралы мәлімет жедел жәрдем ғылыми орталығынан түскен. Осы ақпар түскен бетте Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығының бір топ дәрігері донор жүрегінің жағдайын бағалап, жүректі трансплантациялауға кезекте тұрған пациенттердің тіндерінің үйлесімділігіне иммунологиялық зерттеулер жүргізуді бастаған.