Өткен жылы ауылдарды медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, аудандық ауруханаларды көпбейінді медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі және ауыл тұрғындарын скринингпен қамтуды ұлғайту, медициналық ұйымдардың базасында елді мекендерде дәріхана пункттерін құру, кадр мәселелерін шешу және ауылда медициналық көмекті дамытудың басқа да бірқатар бағыттары сияқты шараларды іске асыруды қоса алғанда, ауылдық денсаулық сақтау ерекше назарда болды.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ауылдық жерлерде кәсіптік кадрлармен және заманауи жабдықтармен жабдықталған 700 жаңа медициналық объекті ашу көзделгенін айта кету керек. Бұл ретте ұлттық жобамен 655 МСАК объектісін салу және 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастыру жоспарланған.
Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті жақсарту шеңберінде не жүзеге асырылды?
Ауруларды ерте анықтау мақсатында бүйректің, асқазан-ішек жолдарының, тыныс алу ағзаларының, қуықасты обырының кеңейтілген скринингі енгізілді. Профилактикалық тексерулер нәтижесінде 1,1 млн. ауыл халқы, 62 мың науқастар анықталды.
Шалғайдағы ауылдар мен станциялардың 1,7 млн. астам тұрғыны жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерін пайдалана алды. Олар мамандардың 1,4 млн. консультациясын алды, 107 мың науқас анықталды, 690 мың диагностикалық және 465 мың зертханалық зерттеулер жүргізілді.
Ағымдағы жылы медициналық пойыздардың қызметімен 121 станция қамтылды, 88 мыңнан астам адам, оның ішінде – 19 222 бала медициналық қызмет алды.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бастауыш медициналық ұйымдардың базасында 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды. Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды, соның арқасында 50 адамға дейінгі ауылдық елді мекендер бір медицина қызметкерімен қамтамасыз етілді, тұрғындардың саны 500 адамнан асатын ауылдарда медициналық персонал саны үш бірлікке дейін ұлғайды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде 40 МСАК объектісінің құрылысы жалғасуда, 59 МСАК объектісінің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, 4 көпбейінді аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.