Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қамту бойынша арнайы құрылған штаб отырысы өтті. Жиынға дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысты.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрсұлтан Қарабаев баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше аудан әкімінің өкімімен медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату мәселелері бойынша аудандық штаб құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ауылдық округ әкімдеріне медициналық мекемеден жолданған мәртебелерін анықталған МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар тізімі жұмысшы топпен жүргізу керектігі айтылды. Жеке кәсіпкер және шаруа қожалықтағы жалдамалы жұмысшыларды ресми тіркетіп, әлеуметтік төлемдерді тұрақты төлеу, тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев барлық тиісті бөлім басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріліп, орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Соңғы үш жылда халық тарапынан ақ халатты жандарға айтылатын шағымның барысы осындай. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгеннен бастап дау толастаған емес. Себебі қарапайым халық МӘМС-тің пайдасы мен тиімді тұстарын әзірге толық түсіне алмай келеді. Оның үстіне, медицинаға енген ақылы жүйенің төңірегінде жыл сайын бір мәселе қылаң береді.
Мәселен өткен жылы жеке кәсіпкерлер МӘМС-ке ақша аудара алмай, салық декларациясын амалсыздан өткізіп алғандарын айтып шағымданған болатын. МӘМС жүйесіндегі осы олқылықтар тіпті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құлағына жетіп, қатаң ескерту берілді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды» деп кесіп айтты.
Алайда соған қарамастан, медициналық көмекті қаржыландыру 2 есеге ұлғайған. Мысалы, 2019 жылы 1 трлн теңгеден 2022 жылы 2 трлн теңгеге дейін артқан екен. Бұл қыруар қаржының барлығы бейінді мамандардың өтімдері мен операцияларын, күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында госпитализацияларды, диагностикалық процедураларды, зертханалық талдауларды, оңалтулар, ЭКҰ, қажетті медициналық көмектің көлемін екі есе арттыруға бағытталған. Осы тұрғыда, Түркістан облысы бойынша, медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы Лаура Ділдәбекқызы МӘМС жүйесінің әлдеқайда тиімді екенін айтады.