Түркістан облысы, Төле би ауданындағы жедел жәрдем қызметкерлері боранды түнде шақыртуға жаяу жетіп, аяғы ауыр келіншекті босандырып алды.
Оқиға 8-қаңтар күні шалғайдағы Алатау ауылында болған. Қар бораған түнде шақыртуға барған 103 қызметкерлері шақырған мекенжайға көлікпен жете алмай, жарты жолда жаяулатады. Қолайсыз ауа райынан шақыртуға барған үйде жарық болмаған. Медицина мамандары толғағы қысқан әйелді перзентханаға уақтылы жеткізе алмайтынын түсініп, шұғыл үй жағдайында жүкті әйелді ұялы телефонның жарығымен босандырып алды.
Босанған әйел мен бала Ленгір қалалық ауруханасына жеткізілген. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында бала мен ананың өміріне қауіп төнген жоқ.
Айта кетейік, боранды түнде шақыртуға барған Төлеби аудандық №12 жедел-жәрдем бекетінің қызметкерлері – Ербол Сартаев, Алтаев Асан, Пернебек Нұржан. Осылайша 103 қызметкерлері қолайсыз ауа райына қарамастан, науқастарға шұғыл көмек көрсете білді.
Еске салсақ, «Самұрық-Қазына» АҚ Түркістан облысына 2 жедел жәрдем көлігін тарту етті. Жалпы 40 млн. теңгедей қаржыны құрайтын медицина көліктері өңір тұрғындары үшін қызмет етеді. Бір автокөлік Созақ ауданы, Таукент ауылына берілсе, екіншісі науқастарды жағдайға байланысты Түркістан мен Шымкентке тасымалдайды.
Дәл осындай көліктер өткен жылы 5 өңірге тарту етілген еді. Сонымен қатар, 2023 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры 7,2 млрд теңге болатын 46 әлеуметтік жобаны қаржыландырған.2024 жылы инклюзия, денсаулық сақтау, креативті индустрия, спорт және білім беру сияқты ең өзекті әлеуметтік трендтер Қор назарында болады. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан медициналық университеті жанынан онкологиялық оңалту бөлімшесі ашылды. Алдағы уақытта орталық арқылы онкологиялық сырқаты бар 3000-ға жуық қазақстандыққа көмек көрсетілмек. Айта кетсем, жалпы 2016 жылдан бері жалпы сомасы 74 млрд теңгеге 2,5 миллионнан астам қазақстандыққа көмек көрсетілген