Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде облыста 30-ға жуық ауыл ішімдіктен мүлдем бас тартқан. Осы қатарға биыл Сайрам ауданындағы Ханқорған ауылы еніп отыр. Игі бастама – ауыл ақсақалдары мен ел ағаларының бастамаларымен қолға алынған. Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Әліпов Ханқорған ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыл жастарының салауатты өмір салтына деген қызығушылығы артқанын айтты. Жалпы Сайрам ауданы бойынша ішімдіксіз ауыл саны 10-ға жетіп отыр. Олардың қатарында Шіркін, Ошақты, Құрлық, Таскешу, Әсіларық, Сарыарық,Тоған,Теспе, Ханқорған,Құтарыс ауылдары бар.
Бұдан бөлек, Арыс қаласындағы – Дермене, Теміржолшы, Орманды, 40-разъезд, Бәйдібек ауданындағы – Түйетас, Жетісай ауданындағы – Алмалы, Келес ауданындағы – Шұқырсай, Мақташы, ал Мақтаарал ауданындағы – Табысты, Ордабасы ауданындағы – Аққойлы, Жусансай, Төреарық және Көлтоған ауылдары, сондай-ақ Отырар ауданындағы – Қарғалы, Сауран ауданындағы – Жүйнек, Шекербұлақ, Төлеби ауданындағы – Алғабас, Оңтүстік және Диханкөл, Қазығұрт ауданындағы – Шарбұлақ ауылы ішімдіксіз ауылдардың қатарына қосылған.
Жалпы елімізде алкоголді ішімдіктерді шектеу бойынша мемлекеттік деңгейде біраз іс-шаралар қабылданғаны белгілі. Бұған кешкі сағат 21:00-ден кейін еліміз бойынша дүкендерде алкоголді ішімдіктерді сатуды шектеу, алкоголді ішімдіктерді жарнамалау және көлікті ішімдік ішіп жүргізуге қатысты жазаның күшейтілуі бұл бағыттағы маңызды қадамдар деп айтуға болады. Қабылданған осы шаралардың бәрі Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған маңызды бастама екенін айта кетуіміз керек.
– Өз басым дәл қазір елімізде алкоголді ішімдікті тұтыну көлемі артып бара жатыр деп кесіп айта алмаймын.
Бірақ алаңдайтын мәселелер бар. Айталық, қазір ел ішінде алкоголді өнімдді тұтынушылардың қатары жасарып бара жатқаны мені қатты алаңдатады. Жастардың ішімдікке үйір болуының өзіндің себептері бар.
Бұл ретте тұтастай алкоголді ішімдікке тыйым салып, мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Бұл істің түйінін жекелеп тарқату керек.
Қазіргі таңда жастар ғаламторға қатты байланып қалған. Яғни, олардың өзіндік виртуалды өмір бар. Біздер жастарды сол жерден алып шығып, салауатты өмір салтын ұстануына үндеуміз керек.
Олар виртуалды өмірден шаршағанда жеңіл алкоголді ішімдіктерді ішіп, бойындағы шаршауын басады. Мұндай жастар өсе келе маскүнемге айналуы мүмкін. Сондықтан біздер жастардың виртулды өмірі мен шынай өмірдің аражігін ашуына ата-аналар ықпал етуі керек, – дейді білікті маман.
Иә, жастардың жеңіл алкоголді ішімдіктерді шамадан тыс пайдалануы бәрімізді алаңдатуы тиіс. Сондықтан жастардың шынай өмірге қадам басуына бар күш жігерімізді жұмсауымыз керек. Еліміздің ертеңі саналатын жастарды мұндай жаман әдеттен құтқаруымыз керек.