Илон Масктың Starlink спутниктік интернет жобасы енгізілді. Түркістан облысының шалғай ауылдарындағы 329 мектепке Starlink спутниктік интернеті орнатылды. Мемлекете басшысы былтыр күзде өткен Республикалық педагогтер съезінде барлық орта білім беру мекемесін сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан жүргізіліген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде елімізде алғашқылардың бірі болып өңірдің шалғай ауылдарда орналасқан білім ошақтарына Илон Масктың Starlink спутниктік интернет жобасы енгізілді. Қазіргі уақытта «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-мен жасалынған келісімшарт негізінде жоспарланған 330 мектептің 329-ы SpaceX компаниясы арқылы Starlink спутниктік интернетіне толық қосылды. Енді мектеп оқушылары мен ұстаздары үшін жоғары жылдамдықты интернетке қосылу қолжетімді болды. Қалған Төлеби ауданында орналасқан 1 мектепте биылғы жылдың тамыз айына дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты орнату жұмыстары кейінге шегерілді. Бұл жоба – әрбір оқушы үшін тең мүмкіндік жасау арқылы, білім беру процесін цифрландыру және цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы маңызды қадам болмақ. Жалпы өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде, 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с интернет желісі орнатылған. Жақында тағы 33 мектепті оптикамен қамту жоспарланып отыр. Бұған дейін 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, «Қазақтелеком» АҚ байланыс операторының техникалық мүмкіндігіне қарай радиокөпір технологиясымен 20 Мбит/с дейінгі төмен жылдамдықты интернет желісіне қосылған болатын. Енді білім ұялары жылдамдығы 200 Мбит/с жоғары болатын Starlink спутниктік интернетімен қамтылды.