Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған жазғы ашық алаң ойындары басталды. Сайысқа қатысушылар дойбы, асық ату, тоғызқұмалақ және ләңгі тебуден өзара бақ сынасты. Екі күнге созылған спорттық жарыс қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Жарыстың алғашқы күнінде 500-ге жуық тұрғын қатысты.
Жарысқа қатысу үшін тұрғындар қаладағы Ж.Жабаев атындағы мектеп алдындағы ашық алаңға, Т.Бокин көшесіндегі тұрғын үйдің ашық алаңына және Абылай хан көшесіндегі тұрғын үйдің ашық алаңына баруы керек. Спорттық сайыс 16-17 мамыр күндері сағат 18:00 мен 20:00 аралығында өтеді. Жарыс жеңімпаздары арнайы Алғыс хаттармен және медальмен марапатталады.
Түркістан облысында өңір басшысының тапсырмасымен жастар саясатын жүргізу, жастарға қолдау көрсету жұмыстары жаңаша форматқа көшіп, жұмыс тәсілі өзгерген. Бұл ізденіс өз жемісін беруде. Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, NEET санатындағылар үлесін төмендету, сондай-ақ, ауылдағы жас буынды қолдау қарастырылған. Бұл мәселе облыс әкімдігінің апталық аппарат мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. – Ауқымды іс-шараларды облыс орталығында ғана емес, шалғай аудандарда, елді мекендерде де тұрақты өткізу керек. Жастар арасындағы өзекті мәселелерді жедел анықтап, оның алдын алыңыздар және профилактикалық жұмыстарды жандандырыңыздар. Екіншіден, колледждерге бөлінген мемлекеттік грантты жеңіп алғандар талапқа сай білім алып, мамандыққа ие болулары керек. Оқу барысын қатаң қадағалаңыздар. Жастарды жан-жақты қолдау жалғасады, – деді облыс әкімі.Бұрын «Жастар ресурстық орталықтарының» жұмысында іс-шаралық формат басымдыққа ие болса, қазір орталық қызметкелері елді мекендер мен қалаларды аралап, замандастарымен етене жұмыс жүргізуде. Талантты жастарды қолдау және жастарды жан-жақты дамыту бағытында облыс көлемінде бүгінгі күнге дейін 1958 іс-шара өткізіліп, оған 130 678 жас қамтылды. «Өз кәсібіңді аш» атты тақырыбында TEDx форматында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған экскурсиялар, танымал кәсіпкерлермен кездесулер өткізілуде.