Әр елдің өзінің атауы бар. Көбіне, ол атаулар сол елді құрайтын ұлтқа байланысты қойылады. Ал, олардың шығу тарихы мен мағынасын білу әр адамға қызық. Бұл жайында мектеп қабырғасынан қызығушылық танытып, оны жатқа айта білуде бір өнер десек, ондай дарын иелері арамыздан аз болса да, кездесіп жатады.
Соның бірі – Мақтаарал ауданына қарасты Нұрлыбаев ауылдық округі №26 Ы.Алтынсарин мектебінің 6-сынып оқушысы Әбдіғаппар Бағлан.
Ол дүниежүзі мемлекеттерінің атаулары мен жалауларын жатқа біледі. Бойындағы дарынымен ерекшеленген оқушыны ұстаздары да мақтан тұтады.
Ұстаздарының айтуынша, Әбдіғаппар Бағлан бала кезінен зерек, шет мемлекеттердің астанасы мен атауларын жаттауға 9-10 жасынан бастап қызығушылық танытқан. Содан бері дүние жүзінің картасынан өзі іздене отырып, 207 мемлекетті жаттаған.
Бағланның дарынын алғаш байқаған – өзінің атасы Әбдіғаппар. Немересінің бойындағы ерекшелікті дамыту үшін ол қазір де Бағланның соңынан ерген іні-қарындастарына да осы мемлекеттердің атаулары мен астаналарын орналасқан жері бойынша үйретуді әдетіне айналдырған. Әрдайым немересінің ынта-ықыласын дамытып отыруды қолға алған Әбдіғаппар ақсақал Бағланның бұл ерекшелігін одан әрі дамытып, көпке үлгі болса деген ниетте.
Айта кетсек, Бейбіт елімізде қызмет бабында ерлік көрсетіп, қайсарлықтың үлгісін танытып жүрген тәртіп сақшылары аз емес. Десе де солардың кейбірі қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза тауып жатқаны да бар. Кентау қаласында осыдан қырық жыл бұрын қызмет бабында оққа ұшып, мерт болған Рысбай Құдайбергенұлын бүгінде кентаулықтар соның ішінде тәртіп сақшылары ұмытқан емес.
Осындай ерлікті ұлықтап, жас ұрпаққа насихат ету мақсатында Кентау қаласында Ә.Молдағұлова атындағы №19 мектеп-лицейінде қызмет бабында қайтыс болған Рысбай Құдайбергенұлының атына кадет сыныбы ашылды.
Оның алғашқы 32 мүшесі өз Отанының қорғаушысы болуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуға, Қазақстан жастары үшін нағыз ерліктің шынайы үлгісі болуға ант берді. Алдағы уақытта аталған сыныпқа Түркістан облыстық полиция департаменті бекіткен кестеге сәйкес, полицейлер оқушылармен тәжірибесін бөлісіп, қызығушылық танытқан жас жеткіншектерді полиция қызметіне баулымақ.
Сонымен бірге, оқушыларға қатысты бүгінгі күндегі өзекті мәселелер кадет сыныбында талқыға түсіп, оның алдын алу шаралары да пысықталатын болады.