Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өндіріс ошақтарын ашып, аймақтың әлеуметтік-экономикасының дамуына қарқын беру, сол арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру тапсырмасына сәйкес Түлкібас ауданында ауқымды жұмыс атқарылуда. Соның бірі – Мичурин ауылдық округіндегі «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Бұл кооператив биыл аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңгеге жеміс-жидекті өңдеу жобасын іске асыруда.
Бүгін аталған нысанға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен арнайы табан тіреп, нысанның құрылыс барысын бақылап, ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан кәсіпкер Бейбіт Төлешовпен пікірлесті. Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек қажет болған жағдайда заң талаптарына сай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, кәсіпкерге сәттілік тіледі.
Жалпы аумағы 2200 шаршы метрді құрайтын кәсіпкерлік нысанының іске қосылуына жоспарланған 1 млрд. 100 млн. теңге қаржының 122 млн. теңгесі – кәсіпкердің өз қаржысы, 350 млн. теңгесі мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінен, қалғаны жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылуда.
Бұл жерде маусымында 3 мың тонна алмадан 0,2 литрлік 16 млн. 300 мың дана дайын ыдыстағы шырын, 90 тонна кептірілген жеміс, 100 тонна кептірілген алма ұнтағын және 50 тонна балалар тағамын (пюре) өндіру жоспарлануда.
Кәсіпкер шикізатты да өзі өндірмек. Яғни, өзінің 360 гектар алма бауынан шыққан өнімінің сақтауға жарамай қалған бөлігін осы өндіріске жібермек. Қазіргі таңда негізгі нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Алдағы күндері шатырын жабу және іші, сыртын әрлеу жұмыстары атқарылмақ. Бұл жұмыстар аяқталғаннан соң Қытай елінен қажетті құрылғылар алынып, оны орнату жұмыстары атқарылады.
Өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.