Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылының тұрғындары игі іске бастамашы болған. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған 1987 жылы туған азаматтар өз қаражаттары есебінен ауылдастарына баспана сыйлады.
Жаңа баспаналы болған Бауыржан Қилыбайұлы жақсылыққа қол ұшын созған барлық жандарға алғысын білдірді. Түлектер үйді жиһазбен толық жабдықтап та берген. Айта кетейік, бастама Сарапхана ауылында екі-үш жылдан бері мектеп түлектері арасында дәстүрге айналып келеді.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылының тұрғындары жасақтаған қайырымдылық қоры арқылы қайырымды жандардың қолдауымен тағы да бір отбасы қоныс тойын тойлады. Ауылдағы қайырымды жандардың ұйымдастыруымен жалғызбасты ана баспаналы болды. Үйдің іші техникамен және асханаға арналған жиһаздармен жабдықталған. Азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Арманын орындаған ана ауыл азаматтарына шексіз ризашылығын білдіріп, қуанышын жасырмады.
Жақсылық жасап, имандылық пен парасаттылықтың айқын көрінісін үлгі етіп жүрген Төрткүл ауылының азаматтарынан құрылған қор 2023 жылдың 20-шы науырызында өз жұмысын бастаған. Бір жыл ішінде мұқтаж екі отбасына баспана сыйлап отыр.
Жалпы аталған қайырымдылық қор мұқтаж отбасыларға үй сыйлаудан бөлек, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға киім-кешек пен мектеп формаларын, қажетті құрал-жабдықтарды үйлестіріп, сырқаты бар жандардың еміне көмек берумен айналысады.Ал Жетісай ауданында аудан әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен «Дәнекер» қайырымдылық дүкені өз жұмысын бастады.
Бұл дүкенді ашудағы мақсат – өздерінің әлеуметтік жағдайын тіктей алмай жүрген жергілікті халыққа көмек көрсету. Дүкенде тұрғындарға тегін киім-кешек үлестірліп, мүмкіндігінше қосымша азық-түлік беріледі. Қайырымдылық дүкенге ауданның жомарт жандары мен кәсіпкерлері демеушілік жасап келеді. Осыдан 5 жыл бұрын, яғни, 2018 жылдың ақпанында облыс бойынша ең алғаш болып Жетісай қаласында ашылған «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені күні бүгінге дейін 6 мыңға тарта әлеуметтік қолдауды қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар және көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткен.
–Тағдырдың тауқыметі мен өмірдің ащы тұздығын татып, қоршаған ортадан, иманжүзді азаматтардан мейірім шуағын, жан жылуын күтетін қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін ауданның кез-келген азаматына көмек береміз. Дүкеніміз аптаның сенбі-жексенбі күндерінен басқа барлық күндерінде жұмыс істейді, – дейді дүкеннің ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков.
Айта кетейік, «Дәнекер» қайырымдылық дүкені Жетісай-Атакент тас жолының бойында, бұрынғы «Нар» кафесінің жанында орналасқан.