Жалпы 67 мыңнан астам адам қатысты. Қазығұрт ауданы Сарапхана ауыл округінде орналасқан «Мәңгілік ел» саябағында сенбілік өтті. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың бастамасымен қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында еліміз бойынша «Таза Қазақстан» акциясы басталған болатын. Түркістан облысында экоакциясы аясында 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында жалпыхалықтық тазалық шаралары жүргізілді. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарында 1 408 ауқымды іс-шара өтіп, оған жалпы 67 мыңнан астам адам қатысты. Бұдан бөлек, облыс аумағында 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелді. Сондай-ақ, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланып, 346 саябақ және скверлер ретке келтірілді. Сонымен қатар, 302 мыңнан астам жеке үйлердің және 1 767 әлеуметтік нысандардың ауласы тазаланып, барлық аудан-қалалардағы су, өзен бойларында сенбіліктер өтті. Бүгін экоакция Қазығұрт ауданы Сарапхана ауыл округінде орналасқан «Мәңгілік ел» саябағында жалғасты. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік және қоғамдық қызметшілер, ауданның белсенді жастары, еріктілер мен ауыл тұрғындары қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылды. Тазалық акциясы барысында қатысушылар тарапынан 10 гектар саябақ аумағы қоқыстардан тазартылып, шөп ору, ағаштарды бұтау жұмыстары жүргізілді. Ауыл ақсақалдары Президенттің бастамасымен атқарылып жатқан барша тазалық жұмыстарына оң бағаларын беріп, ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.Жалпы «Киелі мекен» аптасында Түркістан облысында 170 іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде зиярат етушілер мен туристер көп болатын Сауран қалашығы, «Укаша ата» мен «Жүсіп ата» кесенесі, Ысқақ баб пен Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі секілді киелі орындар тазаланады. Алдағы уақытта «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» науқаны бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылады.