Бөлім басшысының алғыс хаттарын табыстап, сый-сияпат жасады. Жетісайда Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күні аталып өтті. Елімізде «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыруда мәдениет саласы қызметкерлерінің маңызы зор. Осы ретте «21-мамыр – Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күні» мерекесіне орай аудандық «Жетісай» мәдениет үйінде арнайы іс-шара өтті. Шараға ауданға қарасты қала, кент пен ауылдық округтерде орналасқан мәдениет үйлерінің, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының қызметкерлері қатысты. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев мәдениет саласының мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, ауданның мәдениет және өнер саласының дамуына сүбелі үлесін қосқан бірқатар мамандарына аудан әкімі Серік Мамытов пен облыстық кәсіподақ ұйымының, бөлім басшысының алғыс хаттарын табыстап, сый-сияпат жасады. Ұлттық мәдениеттің халықтың бет бейнесі екендігін паш ете отырып құндылықтарымызды насихаттау, жас таланттарға сахна өнерін игертіп, аға буын өнерпаздардан өнеге алуына жағдай жасау, ата-бабадан мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп келе жатқан мәдениетіміздің майталмандарының төл мерекесін тиісті дәрежеде атап өту мақсатында өткен шарада жергілікті өнерпаздар әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі. Көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді.21 мамыр – еліміздегі осы салада қызмет істеп жүрген барша адамдарға құрмет көрсетіп, елеулі еңбектерін лайықты бағалайтын күн. Жалпы еліміздегі мәдениет ұйымдарының құрамына қандай мекемелер мен ұжымдар, бірлестіктер кіреді? Бұл сұраққа жауапты «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңынан табамыз: «Мәдениет ұйымдарына мыналар жатады: театрлар; концерттік ұйымдар (филармониялар); цирктер; кинематографиялық ұйымдар; кітапханалар; музейлер; мәдени-демалыс ұйымдары; көркемөнер галереялары (салондар); студиялар; шеберханалар; мәдени-тарихи орталықтар; мәдениет саласындағы зерттеу орталықтары (зерттеу институттары); реставрациялау орталықтары; музей-қорықтар; Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы; мәдениет саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа да мәдениет ұйымдары.» Осы тізімге көз жіберген адам мемлекетіміздегі мәдениет саласының қаншалықты ауқымды екенін анық сезінері сөзсіз.Ел ауқымында жыл бойы, аптаның жеті күнінде түрлі аудиторияларда, кітапханалар мен музейлерде, мәдениет сарайларында, алып стадиондар мен қала алаңдарында үздіксіз өтіп жататын сан түрлі мазмұндағы, ірілі-ұсақты, алуан сипат-көріністі мәдени іс-шараларды, концерттер мен қойылымдарды, көрмелер шығармашылық кештерді, кездесулерді, отандық, шетелдік қонақтардың қатысуымен жүрілетін ауқымды мегафестивальдар мен галаконцерттерді, т.б. белгіленген уақытында, асқан жауапкершілікпен, көпшіліктің көңілінен шығатындай тап-тұйнақтай атқарып шығу – мәдениет саласы қызметкерлерінің әдепкі жұмысы, сан-салалы қызметінің бір сәті ғана. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Оның артында басшылықтың ұйымдастырушылық қызметінен, қызметкердің орындаушылық жауапкершілігіне дейінгі қаншама күш-жігер, төгілер тер жатыр. Шетелдік ресми мәртебелі қонақтар мен шекара аттаған туристердің ең алдымен көз тоқтатып, мән беретіні – елдің визит картасы іспетті мәдениеті мен өнері. Әсем қала, ғажап табиғат, елдің тұрмыс-тіршілігінен өзге, дара мәдениеті, өзіндік өрісті өнері, музей жәдігерліктері туралы қызықтаушы адамдарға қанағаттанарлықтай толық мәлімет беріп, жағымды түсінік қалыптастыру – мәдениет қызметкерлерінің отан алдындағы жауапты міндеті. ҚР Мәдениет туралы Заңының бірінші бабы, 5-тармағында мәдениет қызметкеріне мынадай анықтама берілген: «Мәдениет қызметкері – кәсіби қызметі мәдени құндылықтарды сақтаумен, дамытумен, таратумен, пайдаланумен және оларға азаматтарды баулумен байланысты болатын жеке адам». Осы анықтаманың өзі-ақ мәдениет қызметкерінің сан-салалы жұмыс ауқымын анықтап тұр.