Түркістанда Облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 2023-2024 оқу жылының аяқталуы мен атқарылған жұмыстар жайы баяндалып, оқу жылы қорытындыланды. Балалардың жазғы сауықтыру лагерлерін ұйымдастыру мен демалыс орындарының қауіпсіздігі пысықталды. Сонымен қатар «Қауіпсіз мектеп» жобасының іске асырылуы, жаңа оқу жылына дайындық, мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу мәселелері бойынша сөз қозғалды.
Маңызды жиынға білім саласының өкілдері, жауапты басшылары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев сала басшыларының есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов салада атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге спикерлер мектепке дейінгі және орта білім мекемелеріне жүргізілген мониторинг қорытындысы, «Балалардың жазғы сауықтыру мен білім беру мекемелерінде қауіпсіздік мәселесі» туралы және «Техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа мамандықтар ашу мәселесі» жөнінде ой қозғады. Ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, алқа қаулысы қабылданды.
Жауаптыларға балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, оқушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1000-нан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын реттеу және қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары атқарылуда. Осы бағытта биыл облыстағы 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілді. Ал, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 29-ы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтереді.
Сондай-ақ, биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 71 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады.
Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерлерінде тегін демалады. Ата-аналар есебінен ақылы негізде 20 мыңнан аса бала демалады. Мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде ұйымдастырлып, оған 10 000 оқушы қамтылады. Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен өңірдегі 2 лагерде 3421 бала демалады деп күтілуде.
Алқа мәжілісі соңында жазғы шомылу кезеңдерінде ауылдарда ата-аналарымен бірге балалар қауіпсіздігіне барынша мән беру тапсырылды. Салаға жауаптылар полиция, төтенше жағдай қызметкерлері, еріктілермен бірге оқыс оқиғалардың алдын-алу, суға жүзуді үйрету шараларымен айналысатын болады.