Түркістан қаласында мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер игі іске мұрындық болды. Бүгін “Бекзат” мөлтек ауданының 1986 жылғы азаматтары жиырма жылдыққа орай баспана сыйлады.
Аталған мөлтек ауданның азаматтарына мұндай бастама дәстүрге айналған. Бірнеше жыл қатарынан мұқтаж отбасыларды қуантып, алғысқа бөленіп келеді. Наурыз думан мерекесінде және 25 мамыр күні қарсаңында, жылына 2 рет беріледіі. Бұл – жанашыр жандардың тарапынан тарту етілген 17-ші баспана. Олар 2020 жылы дүниеден өткен достары Жарқынбек Өтеповтің отбасына үй салып берді. Соңғы қоңырау іс-шарасынан соң салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, бүгін еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Түркістан өңірінің білім ошақтарын биыл 32 мыңнан астам оқушы тәмамдап отыр. Болашаққа нық қадам басқан бітірушілерге мұндай игі істің үлгі болары анық.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиынға қатысты.
Қала әкімі педагогикалық ұжымды, оқушылар мен олардың ата-аналарын құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барлық кентаулық түлектерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ еңбегі еселі бірқатар ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Алғыс хатпен» марапаттады.
Шара барысында мектеп бітіруші түлектер мектеп вальсін орындап, әсем әуендерін шырқады. Салтанатты жиында «Алтын белгі» үміткері, Назарбаев университетіне шақырту алған Серік Қуаныш пен бастауыш сынып оқушысы Талшын Маккамбай соңғы қоңырауды соқты.
Жиын соңында қала әкімі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің мектепке тарту ретінде салып берген спорт алаңшасының ашылуына қатысты. Одан бөлек, білім ордасының ішіне рәміздер алаңын жасап берген.
Айта кету керек, биыл Кентау қаласында 741-дей оқушы мектеп бітірмек. Олардың 677-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Биыл 45 оқушы «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер болып отыр. Сонымен қатар, бүгін Созақ ауданында 20 жылдық түлектер игі іске ұйытқы болды. Аудан орталығында орналасқан Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінен 2004 жылы түлеп ұшып, қазіргі кезде түрлі салада қызмет етіп жүрген түлектер бір отбасыға тұрғын үй сыйлап, қуанышқа бөледі.
Келешек ұрпаққа берер тағылымы мол шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ 20 жылдық түлектерге алғысын жеткізіп, алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев сауапты істі аса ұйымшылдықпен атқарған жандарға ізгі тілегін арнады. Тағылымды шараның куәсі болған ардагер ұстаздар ізгі тілектерін шәкірттерінің жасаған ізгі амалдары мен жеткен жетістіктеріне деген мақтанышпен жеткізді.