Күлтөбе қалашығы – Түркістанның бастауы. Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи – мәдени қорық-мұражайының маңызды объектісі – «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құрудың алғашқы кезеңі аяқталды. Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ. Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кесене маңындағы «Күлтөбе» қалашығының құрылысын аралап көрді. Мердігер компания мен жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Сан ғасырлық тарихы бар қалашық ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадалағауымен жүзеге асып жатыр. Облыс әкімі абаттандыру жұмыстарына баса мән беруді тапсырды.
«Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астындағы археологиялық парктің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Жалпы аумағы 30 гектарға жуық болса, көгалдандыру аумағы 20 гектардан асады. Жоба бойынша 4 шатырлы күмбез, 27 тірек, КТП 1 дана, суағар (кәріз сорғы станциясы, дренажды жүйе) жоспарланған.
Қалашықтың барлық жағынан Ясауи кесенесі көрінеді. Қазір мұнда биіктігі 17 метр болатын шаңырақ іспеттес қондырғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді.
Бүгінгі таңда жобада қаралған жұмыстар, яғни күмбездің металл конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған. Трансформаторды монтаждау жұмыстары толық аяқталып, іске қосуға дайын. Сондай-ақ ағын суларға арналған науалар жүйесі (дренаж жүйесі) аяқталған. Ал Тарихы тереңнен бастау алатын Түркістан қаласына келетін саяхатшылар саны артып келеді. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынуда. Негізгі мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жұмыстарын қадағалау мақсатына құрылыс нысанына барды. Киелі шаһарда қолөнершілердің әлеуеті зор екенін тілге тиек еткен өңір басшысы мердігерге жұмысты ширатуды, сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.
Биыл Түркістан – түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Жыл ішінде облыс орталығында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өтетін ауқымды жобалар жоспарланып, жүзеге асуда.
Теңдессіз туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 га. Қолөнершілер қалашығы – 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Іргетастарды нығайту және бетондау жұмыстары, сондай-ақ монолитті жұмыстар жүргізілуде. Құрылыстың 1 және 2 кезектері үшін ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аумағында 50 жұмысшы, 5 арнайы техника жұмыс жасауда. Қолөнершілер қалашығының құрылыс жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберхана салудағы мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту ғана емес, мәдениет пен мұраны сақтап қалу.