Әкім балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді. Түркістан облысында шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Түркістан облысында су нысандары мен шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Аталған мәселе арнайы мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді. «Шомылу маусымы ашылып жатыр. Төтенше жағдай департаменті, аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты бөлімдер қырағылықты күшейтуі тиіс. Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын», – деді Дархан Сатыбалды. Мәжілісте Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшылығының баяндамалары тыңдалды. Облыс аумағында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері төтенше жағдай өкілдері жергілікті полициямен, көлік инспекциясымен және балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп, 361 патруль және рейдтік жұмыстар, 3514 адамды қамти отырып, халықпен 262 кездесу ұйымдастырды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Судағы қауіпсіздік» және «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары» материалдар жарияланса, білім беру ұйымдарында 2653 оқушыны қамтитын 24 интерактивті сабақ өткізілген.