Биыл көрнекті қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жазушының «Қайдасың, Гауһар?» шығармасын сахналады. Екі күн қатарынан өткен премьераға келген қала тұрғындары мен қонақтар драманы жылы қабылдап, ризашылығын білдірді.
Театр директоры Орал Камал шара соңында сөз сөйлеп келген көрерменге алғыс айтты. Сондай-ақ жаңадан ашылған камералық қойылымдарға арналған залдың ерекшелігіне тоқталды. 150 адамға шақталған кіші залда бұдан бөлек моно-спектакльдер және балаларға арналған ертегілер сахналанады деді театр басшысы.
Хикаят инсценировкасын жасаған және сахнаға дайындаған – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі, режиссер Шағуан Үмбетқалиев.
Спектакльде соғыс кезіндегі бір бозбаланың басынан кешкен махаббат хикаясы баяндалады. «Ит жоқта шошқа үрген» заманда басты кейіпкер Жәнібек тоғызыншыны бітіріп, мұғалімдік қызметін бастайды. Ауылдасы Жақан екеуін Алматыға 1 айлық оқу курсына жібереді. Ол кезде ауылдан келетіндердің жайы белгілі. Алматы сияқты алып шаһарда өмір сүру үшін жекжаттыкі болса да бір үй табу керек. Міне, сол үй – Жақанның немере жеңгесі Майра апайдың үйі. Үйге орналасқан соң соң, олардың қалай базар аралағаны, қыздарға қалжыңдасқаны сөз болады. Жәнібек Гауһар есімді бойжеткенмен танысады. Екеуінің араларындағы қимастық сезім махаббатқа ұласады. Бірақ соғыс, елдегі қиын ахуал екеуін табыстырмайды. Жәнібек сол күйі сүйгенін жоғалтып алады. Жүректе сағыныш, өкініш табы қалады.
Драма соңында көрермен қауым пікір білдіріп, өзі де қимас жаннан айырылып қалғандай күй кешкенін жеткізді. Заман тарлығы махаббатқа да тұсау салғанын іштей сезініп, көңіл күйі алабұртып, өзгеше әлемге бой ұрғанын жасырмады.