1 маусым – «Халықаралық Балаларды қорғау күніне» орай, ұйымдастырылған «Алтын балалық шақ» онкүндігі аясында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров барлық еңбек жолын бала тәрбиесіне арнап зейнетке шыққан, басшы-ардагер ұстаздармен кездесті. Еркін форматтағы басқосу ардагерлерді күтіп алумен басталды. Саналы ғұмырын ағартушылыққа жұмсаған өңірдегі үздік ұстаздар жиында ауданның білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жиын аудандық білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылды.
– «Ісім оңсын десеңіз, Сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, Көпшіліктің адамы болыңыз» – деп Әл-Фараби атамыз айтқандай, өз істеріңіздің маманы бола білген сіздердің еңбек жолдарыңыз қазіргі ұрпақ үшін үлгі өнеге. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Сіздер берген білім мен тәрбиенің арқасында бала бойына сіңіріліп жатқан Тәуелсіздік, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында елін сүйетін, білімді жастарымыз жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Еліміздің ертеңі мен кемел келешегі үшін жасаған қызметтеріңізге алғыс білдіремін, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілеймін», – деді аудан әкімі.
Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында ұстаздар өмір бойы жұмыс жасай берері анық. Әрбір ауылдардағы білім саласы барысында жасалып жатқан жұмыстар мен жеткен жетістіктер осы ардагер ұстаздардың салған жолымен жалғасуда. Жиында білім саласына сүбелі үлес қосқан педагогтар туралы сөз қозғалды. Мұнан соң ардагер ұстаздар өмірлік тәжірибелерімен бөлісті, ғибратты әңгімелерін айтты.
Өз кезегінде ардагерлер ұстаздық қызмет еткен жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, шараны ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін білдірді. Осы форматтағы шара алдағы уақытта жалғасын тауып, ардагер ұстаздардың кеңесін құру жоспарланды. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз жетістіктерге жеткен аяулы ардагер ұстаздар туралы естеліктер жазылып, баспа бетіне шығару аудан әкімі тарапынан ұсынылып, жүзеге асырылатын болды.