Ауданда «Халық заңгері» республикалық акциясы өткізілді. Шара аясында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдері, заңгерлері мен қорғаушылары тұрғындарды қабылдап, тегін заң көмегін көрсетті. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы әлеуметтік шиеленісті жою, мәселелерді шешу және тегін заң көмегін көрсету мақсатындағы акция бүгін ауданда өз жалғасын тапты.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен тегін заң көмегін көрсету мақсатында ұйымдастырылған науқанда өңір тұрғындары еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерінен қажетті кеңес алды.
Аталмыш акцияға аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық әдеп жөніндегі уәкіл Бахытжан Полатов пен қатар өзге де мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Мерей Маратұлы, мемлекеттік сот орындаушы Алмас Сеитов, сот орындаушы Нұржан Тілеубергенұлы қатысып, аудан тұрғындарына көтерген мәселелері бойынша тегін құқықтық кеңестер берді.
“Халық заңгері” акциясы аясында тұрғындар тарапынан кәсіпкерлік саласында субсидия алу мәселесі, сот актілерінің орындалуы, мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақылар және жер мәселесі бойынша сауалдар қойылды.
Өңірде 2016-2022 жылдар аралығында 7 мыңнан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдарынан тегін көмек алған халықтың сұранысы негізінде аталған науқан жыл сайын игі дәстүрге айналып, күні бүгінге дейін 150 мыңнан астам ел азаматтары тегін құқықтық кеңестер алды.
Осы жылдар ішінде «Халық заңгері» акциясының қажет екені байқалды, оны қарапайым қазақстандықтар қолдап, оны өткізу дәстүрге айналды және халық оны күтуде.
Дәстүрге айналған аталмыш акция өткізілу ауқымы мен географиясы, сондай-ақ форматының бірегейлігі бойынша әлемдегі оң көрсеткішке қол жеткізген науқан болып табылады.