1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Республикалық «Бақытты балалық үшін» акциясы аясында қала көлемінде бірнеше мерекелік шаралар өтеді.
Ең алдымен, Теміржолшылар паркінде мерекелік концерт өтеді. Шара аясында әуезді әндер айтылады. Сондай-ақ, «Мен бақытты баламын» атты сурет сайысы мен балалар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Бүлдіршіндерге арналған аттракциондар қызмет көрсетеді.
Басталуы: сағат 9.00.
Мерекелік шара Орталық Әл-Фараби алаңында да өтеді. «Сәбидің күлкісі – әлемнің сыңғыры» атты концерттік бағдарлама және «Спорт – сенімді серігің» атты спорттық сайыстар ұйымдастырылады.
Басталуы: 9.00
Сағат 11.00-де қалалық Мәдениет үйінде облыстық «Балдәурен-2024» ән байқауы өтеді. Байқауда облысымыздың барлық түкпірінен өнерпаздар қатысып, Арыс аспанын әуенмен әуелейтін болады. Ән кешіне көрермен боп қатысуға болады. Кіру тегін.
Мереке сағат 12.00-де Сырдария тұрғын ауданында орналасқан С.Адамбеков саябағында жалғасады. Өнерпаздар ән айтып, спорттық сайыстар өткізеді.
Айтпақшы, қала әкімінің тапсырмасымен, 1 маусым күні қаламыздағы барлық қоғамдық көліктер 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге ТЕГІН қызмет көрсететін болады!
«Бар жақсы – балаларға» демекші, мерекені бірге қарсы алайық!1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Қазақстанда тойланады.
Баланың ең сенімді қорғанысы – дені сау, тату, берекелі отбасы. Балалар біздің үмітіміз, болашағымыз. Қуаныш пен шаттыққа толы балалық шақтан асқан сұлулық жоқ, оны солай ету – отбасының, қоғамның, мемлекеттің міндеті.
Балаларды қорғау күнінің мақсаты – балалардың өмір сүруге, пікір бостандығына, білім алуға және қорғауға құқығы бар екенін еске салу.
Бұл мереке 1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің шешімімен бекітілді.
Қазақстан Республикасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құқықтық құжаттарды ратификациялады, оларды жүзеге асыру барысында балалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін тиісті заңдар мен қаулылар қабылданды.
Негізгі халықаралық шарт – 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция.