Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Осындай мәртебелі мамандықтың иесі атану Мемлекет басшымыздың ұсынып отырған бастамасы негізінде жүзеге асуда.
Атап айтатын болсақ, жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданбақ. Бұл бастама президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша берген тапсырмасына сәйкес, ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Онда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектердің (GPA балы 3,33 жоғары) оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде мемлекеттік қызметтің аудан, қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа), ауыл, кенттердегі төменгі лауазымға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі бар.
Оқу орнын жоғары баллмен үздік аяқтаған түлектерді құрылғанына 3 жыл толған Түркістан облысы бойынша ең жас Сауран ауданына жұмыс жасауға шақырамыз.
Бүгін Сауран ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы «Ұла Дала Елі» орталығында ауданымыздың мектеп бітіруші түлектерінің республикалық, облыстық, аудандық пәндік олимпиадаларында және түрлі байқауларда топ жарып жүрген озат оқушылары марапатталды.
Айтулы шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова қатысып, мектеп бітіруші түлектерге үлкен өмірге басқан қадамдарына ақжолтай тілектерін білдірді.
– «Биыл ауданда 1451 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Осы жас буын мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне барынша атсалысады деп сенемін. 11 жыл оқып, ұстаздар тарапынан сапалы білім, саналы тәрбие алып, өмірдің үлкен көшіне аяқ басқалы отырсыздар. Сіздердің осы алған білімдеріңіз, таңдаған мамандықтарыңыз ертеңгі өмірлеріңіздің үлкен жолы. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді білдіремін», – деді аудан әкімі.
Жиында құттықтау сөз соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров үздік оқушыларды арнайы марапаттап, құрмет көрсетті. Шара барысында студент атанған грант иегерлері, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына бейне үндеу жариялап, өз атынан алғыстарын білдірді.