Бүгін 1 мамыр Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар 200-ге жуық балаға арнайы қоржындар табысталып, мерекелік көңіл күй сыйланды.
Қаладағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенова және балалар мен ата-аналары қатысты.
Игі шарада қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы құттықтау тілегін арнап, жылы лебізін білдірді.
—Бала жүрегі ана деп, ана жүрегі бала деп соғады. Қазақ қашанда баланы болашағым деп біліп, тәрбиесіне аса мән берген. Ұлтымыздың мәңгі өмір сүруі де балаларымызға байланысты. Бүгінгі балаларды қорғау күнінің де еліміздегі бала құқығының әрқашан бірінші орында қорғалатынын көрсетеді, – деген қала әкімінің орынбасары бүлдіршіндерге, қала басшысының мерекелік қоржынын табыстап, құттықтауын жеткізді.
Мерекелік жиын барысында бүлдіршіндерге арнайы дайындалған сахналық қойылым қойып, театр өнерпаздары ертегі ұсынды.
Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенованың сөзінше, шаһарда жалпы 1600 ерекше қажеттілігі бар бала тұрады.
– Балаларға әлеуметтік көмектің барлық түрі көрсетіледі. Одан бөлек, ай сайын «Мейірімді жүрек» акциясы ұйымдастырылып, балалардың қоғаммен байланысуын қамтамасыз ету шаралары жүйелі өткізіледі, – дейді бөлім басшысы.Бүлдіршіндердің асыға күтетін мерекесі Арыс қаласында үш саябақта, және ерекше балаларға арналған орталықтарда ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Бұл күні қалада қоғамдық көліктер 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін қызмет көрсетті. Сондай-ақ демеушілер есебінен балалар қаладағы саябақтарда батуттар, аттракциондар мен карусельдерде тегін ойнады. Қалалық Мәдениет үйінде Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздардың қатысуымен «Балдәурен 2024» ән байқауы ұйымдастырылды.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова айтулы күнді арыстықтармен бірге ерекше түрде өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. «Бақытты балалық үшін» республикалық акциясы аясында өткен мереке ең алдымен Орталық Әл-Фараби алаңынан бастау алды. Мұнда мектеп қабырғасында оқитын өнерлі өрендер сахна төрінде өнерлерін ортаға салып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.