Сайрамдық 100-ге жуық ерекше бала Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Шымкент қаласына саяхаттады. Олар ата-анасымен бірге Шымкент қаласындағы зообақ, «Shymkent sity mall», «Play park» ойын-сауық орталықтары мен «Қиял әлемі» саябақтарын аралады. Бұдан бөлек, балаларға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Балалар бүгінде аудандағы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен үй жағдайында қызмет алады.
Өз кезегінде ата-аналар мен балақайлар демеушілерге алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Ерекше балалардың мұндай мерекелік шараға жиі қатысуы – олардың әлеуметтік ортаға бейімделуі мен жеке қабілеттерінің ашылуына айрықша септігін тигізетіні анық.
Түркістан қаласы әкімінің қолдауымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалық шағым – бал шағым» мерекелік іс-шарасы өтті. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков балаларды мерекемен арнайы құттықтап, оларға балғын балалық шақ тіледі. Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова да ізгі тілегін арнады.
Түркістандық балалардың басын қосқан бұл мерекеде қызықты шаралар өтті. Атап айтқанда, ерекше балалардың қолөнерінен жәрмеңке, цирк, аквагримм, асфальтқа сурет салу жарысы, қызықты ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Оқушылар сарайының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш соңында балалар ашық аспан астында «Өрмекші адам» фильмін тамашалап, демеушілер сыйлаған балмұздақтан дәм татты.
Ал Арыста 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, дәстүрлі облыстық «БАЛДӘУРЕН – 2024» атты жас әншілер байқауы өтті. Қалалық мәдениет үйінде жалауын көтерген өнер бәйгесіне облысымыздың әр өңірінен келген 18 жас дарын қатысты. Байқаудың ұйымдастырылуына Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдау көрсетті.
Байқаудың ашылу салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова сөз сөйлеп, киелі Түркістан өңірінде домбыра ұстап ән салмайтын, күй күмбірлетпейтін бала жоқ екенін алға тартып, үміттерін үкілеген өнерлі өрендерге сәттілік тіледі.
Байқаудың мақсаты аудан-қала өнерпаздары арасында дарынды, әнге қабілеті бар жас балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау шеберлігін шыңдау, ұлттық өнерімізді қадірлеп, жас таланттарды анықтау, олардың үлкен байқауларға қатысуын қамтамасыз ету болып саналады.
Екі кезең бойынша өткен облыстық байқауға мәдениет және өнер саласының кәсіби мамандарынан құралған қазылар төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Сайрам ауданынан келген Нұрбек Нұрғалиға бұйырды. Ал Түркістан қаласынан келген Бағдәулет Елдос І орын, Ордабасы ауданынан Кәусар Алайдар және Түлкібас ауданынан Аңсар Әмірбек ІІ орын, Жетісай ауданынан Балсезім Қанжарбек пен жетісайлық Нұрқадір Жаңабай ІІІ орын иегері атанды.
Жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар мен арнайы дипломдар табысталды.