Бүгін Созақ ауданына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен барып, аудан орталығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жауапты мамандарға құрылыс және жабдықтау жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, аталған білім ошағы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жаңа мектептің техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғайтылып, робототехника кабинеттері, зертханалар, хореография залдары қарастырылып отыр. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады. Жайлылық пен тиімділікті қаматамасыз етіп, мектепішілік кеңістік ыңғайлы болу мақсатында бастауыш сыныптар, орта, жоғары буын оқушылары үшін жеке блок жасалады. Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы кезекті рет пысықталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектеппен қамту ісінің маңызды екеніне тоқталып, инфрақұрылыммен жасақтау, құрылысты кестеге сай жүргізу жөнінде тапсырма берді.
– «Жайлы мектеп» жобасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруымыз керек. Әрбір мердігердің жұмысы бақылауда болуы тиіс. Тұрақты түрде кеңесіп, кездескен мәселелерді жедел шешіп отырайық. Мектептер мерзімінде дайын болуы қажет. Екіншіден, мектептерге білікті директорларды конкурс арқылы тағайындап, тәжірибелі, білімді ұстаздармен қамту жұмысын да жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Облыстық құрылыс басқармасы мен аудан, қала әкімдерінің осы мәселеге байланысты жұмыстары сарапталды. Мердігерлерге құрылыс барысында жұмысшылар санын көбейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің (2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп) құрылысы жоспарланған. Жоба аясында республикалық бюджеттен 2023 – 2025 жылдар үшін 288,2 млрд. теңге қаралған. 63 мектептің жер телімдері бөлініп, «Самырұқ-Қазына» АҚ-ның атына мемлекеттік актілері рәсімделген.