«Менің Қазақстаным» саябағын бойлай өтіп, Даңқты бабалар саяжолынан оң қолын жүрек тұсына қойып, кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы…» деп, еліміздің болашағы саналған бүлдіршіндеріміз мемлекеттік Әнұранымызды шырқап барады. Жәй ғана көрініске балап, өте шығуыңыз да мүмкін. Бірақ, ұлтжандылықты, мемлекетшілдікті, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті және патриотизм сынды қасиеттерді бойына сіңірген жеткіншектерге қарап, сүйсініп-ақ, қарайсың.
Қалың қолды бастаған батыр бабалар қарсы топқа айбарын көрсетіп, байрағымызды жаугершілікте де жықпай, кейінгі ұрпаққа табыстап еді. Бүгінгі бейбіт күнімізде жалауымыздың желбіреп, Елтаңбамыз арқылы елдігімізді батырларымыз көрсетіп келеді. Әлемдік аренада атой салған жалынды жастарымыз Шәуілдірде (Отырар ауданының алғашқы атауы ретінде) туған Шәмшінің әнін дүние жүзіне шырқатты.
Ал, бүгінгі жас жеткіншектердің желбіреткен жалауы, шырқаған әні де қайтпас-қайсар қолбасшылардың, сардарлар мен сарбаздардың, даңқты спортшылардың ерлігінен ешқандай да кем емес. Ұлылардың ұлағатын жас ұрпақтың бойына сіңіруге аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардан батыр Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген тәмсілін естіп, марқайғанымызды да жасыра алмаймыз. Ұлт мәдениетінің кемеңгері Өзбекәлі Жәнібеков есімін арқалаған білім ордасында – алтын ұяда – болашағынан зор үміт күттіретін тастүлектердің қанат қағарына сенімді болдық.
Шәуілдірдегі көрікті жерлерді аралап, ауылдың ажарына сән қосқан саябақтарда көк байрағымызды Нұрасыл Құралбай желбірете көтеріп шықса, Камшат Сералы, Аяна Мұхтар, Көркем Әділхан, Нұрсая Сәбит, Айзере Саттархандар тақырыптық, мерекелік жыр-шашуларын шашып, орталық алаңды жүріп өтті.