Қалың нөпірді қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шыққан көкпаршысын көргенде жүрегі жарылардай қуанбайтын қазақ бар ма? Көкпарды жігіттің жігіті ғана тартады. Ұландарын қаршадайынан төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын өнер түрі де осы көкпар ойыны.
Бүгінде ұлттық ат спортын дамыту, елді мекендерде бұқаралық спортты қолға ала отырып, жастардың ұлттық ойынымызға деген қызығушылықтарын арттыру, көкпар ойынының бекітілген ережелері мен дүбірлі ат додасын өткізуде қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау, адам өміріне төнетін қауіптердің алдын алу істерінде елеулі үлес қосып жүрген жетісайлық атбегілер мен тақымы мықты шабандоздар бүгін Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық «Ұлттық ат спорты – Көкпар федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ғани Ахметбаевтың, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиевтың алғыс хаттарына ие болып, құрметке бөленді.
Салтанатты марапаттау шарасына Жетісай Ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен облыстық «Ұлттық ат спорты – Көкпар федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ғани Ахметбаев, Жетісай аудандық көкпар федерациясының президенті Сабыр Айбеков пен аға буын шабандоздар, атбегілер мен жасөспірім көкпаршылар қатысты.
«Төрткүл дүниені түгел мойындатқан қазаққа ғана тән, бағзы заманнан, батыр бабалардан мирас болған асыл өнерді бүгінгі ұрпаққа танытуда, насихаттауда, үйретуде Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін!
Басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздыратын көкпар ойыны өздеріңіздей азаматтар барда заманына сай жаңғырып, жасарып қазақпен бірге жасай береді» деген Ғани Ахметбаев көпшілікті «4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні» мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, ауданда «Ұлттық спорт» КММ мен аудандық көкпар федерациясының ұйымдастыруымен 2023 – 2024 жылғы кокпар маусымында өткізілген 34 көкпардың 15-і қума көкпар болса, 10-ы байырғы көкпар, 7-і тай көкпар және 2-і командалық көкпар.
Көкпар додаларында өзгелерден ептілігімен, астындағы арғымағының жылдамдығымен көзге түскен жас шабандоздарға жол көрсетіп, баптауды қолға алу, сол арқылы ауыл жастарын ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге баулу керектігін айтқан ардагер шабандоздар көкпаршылардың бабы мен бағының қатар шабуын, тұлпарларының тұяғы сүрінбей адал салымға қол жеткізе берулерін, елдің берекесі мен ынтымағының берік болуын тілесіп, бата жасап тарқасты.
Айта кетейік, салтанатты шара барысында аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің қызметкерлері әуезді ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.