Бүгінде Түркістан облысындағы балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қадағалау шаралары жүріп жатыр. Осы мақсатта материалдық-техникалық базаны дайындау, сумен қамту және кәріз жүйелерін жақсарту шаралары атқарылуда. Одан бөлек, технологиялық және мұздатқыш қондырғыларының дұрыстығы, жұқпалы ішек аурулары мен тамақтан уланудың алдын алу жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді. Аталған іс-шаралардың орындалуы ҚР Денсаулық сақтау министрі бұйрығының талаптарындағы санитариялық қағидалары негізінде жүргізіледі.
Жалпы өңірде 2023-2024 оқу жылында 22 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 оқушы бюджет есебінен тегін қамтылса, 20 мыңға жуық оқушы ата-аналары есебінен ақылы демалады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Өз кезегінде санитарлық қызмет тарапынан жазғы сауықтыру маусымына дайындық кезеңі бақылауға алынған. Оның ішінде, балалардың құнарлы әрі қауіпсіз тамақтануы және дене тәрбиесі бар. Бұдан бөлек, лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындықтары мен алдын ала медициналық тексеруден өтуі қадағаланады. Түркістан облысындағы жазғы сауықтыру лагерлері бірінші ауысымға оқушылар қабылдап үлгерді. Алғашқы онкүндікте жоғарыда аталған лагерлерде 2464 бала 1 ауысымға қабылданып, сауықтырылуда. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан» сауықтыру лагеріне 8 ауданнан 400 бала, Маятас ауылындағы «Гавая» лагеріне 3 ауданнан 250 бала тегін жіберілді. Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі лагерлерде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын оқушылар Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагермен қамтылады. Жаз айларында 266 оқушы басқа облыстардағы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде тынығады.