Биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өз жалғасын тауып отыр. Этноауылда ашылу салтанаты өтіп, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды
Аудан-қалалардың өнер ұжымдары алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, кезекпен келіп, өнерлерін көрсетеді. Алғаш болып фестиваль шымылдығын күндері Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашты. Этноауылда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырылған. Екі күнге жоспарланған шара барысында қылқалам, қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстарын көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер де сахналанады.
Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан, қала мерекелік Гала-концерт дайындап, көрермендерге ұсынады. Гала-концертте халық шығармашылығының жанрлары: ән, би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық ансамбльдер, фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер, театрландырылған қойылымдар болады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтетін фестивальдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.
Айта кетейік, фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған көркемөнерпаз ұжымдары және әншілердің қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Маусым-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді.