Бүгін Түркістанда «Шығыс базары» түркі халықтары қолөнер шеберлерінің симпозиумы басталды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, көрме жұмыстарын аралап көрді. «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» атануына байланысты ұйымдастырылып отырған симпозиумға Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен және еліміздің әр аймағынан озық үлгілі 30-ға жуық қолөнер шебері қатысып жатыр.
Көпшілік назарына облыстағы өнер шеберлерінің қатысуымен ұлттық бағыттағы концерттік бағдарлама ұсынылды. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртістері дәстүрлі және халық әндерін орындап, қонақтарға қазақ өнерін таныстырды. Сонымен қатар «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі мен «Самғау» би ансамблі өнер көрсетті.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткіп жатқан іс-шара екі күнге жоспарланған. 7-9 маусым күндері қала тұрғындары мен қонақтары «Этноауыл» аумағынан тамашалай алады. Симпозиумға қатысушылар қолөнер түрлері зергерлік, керамика, тоқыма, ұлттық киімдер тігу, құрақ тігу, кесте тігу, киіз басу, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу және басқа да түрлері бойынша қатысуда. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, іс-тәжірибе алмасу шаралары, шеберлік сағаттары өткізіледі.
Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрменкесінің мақсаты түркі халықтарының ұлттық қолөнерін дамытуға, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетуге, олардың жасаған бұйымдарын түркі халықтары арасында кеңінен насихаттауға, атадан мұра болып келе жатқан қолөнерді жастарға үйретуге, іс-тәжірибе алмасу мен шеберлік сағаттарын ұйымдастыруға, сонымен қатар түркі мемлекеттер арасында мәдени байланысты нығайту және туризмді дамытуға ықпал етуге бағытталған.