Түркістан облысы бойынша аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» болжамымен 260 мың гектардан астам алқапқа жүргізілді. Марокко шегірткесінің дернәсілдері бойынша жалпы аумағы 715,18 мың га алқап толық зерттелген. Алайда өңірде зиянкестердің 50 мың гектардан астам таралу учаскелері анықталды. Қосымша өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штаб отырысын өткізген вице-премьер Серік Жұманғарин өңірлердегі жағдайға қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитетіне барлық рәсімдік мәселелерді дереу аяқтауды және барлық қажетті техниканы аталған өңірлерге жіберуді тапсырды.
Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды. Бір күнде 14 мың гектар алқапқа өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Анықталған алқаптардың басым бөлігі, яғни 46 мың гектар жер өңделді. Оның ішінде жер үсті техникаларымен 34 мың гектар, әуемен 12 мың гектар өңдеу жұмыстары жүргізілді. Химиялық өңдеу жұмыстарына 77 дана жер үсті техникалары және 4 дана ұшақ жұмылдырылды.
Химиялық өңдеуге имидаклоприд, лямбда-циголотрин тобындағы «Ацет 200» (45,2 мың га) және «Гунсяо» (0,1 мың га) препараттары қолданылуда. Фитосанитариялық ахуал толық бақылауға алынды. Қосымша қаупі бар аймақтарды анықтау шаралары жүргізілуде.
Химиялық өңдеу жұмыстары нақты республикалық болжам орталығы анықтаған алқаптарда атқарылған болатын. Облыста жалпы өңдеу жұмыстары сәуір айының басында басталған.
Тиісті жұмыстың ерте басталып, дер кезінде жүргізілуінен ауыл шаруашылығындағы үлкен шығындарға жол берілмеді. Биыл шегірткенің таралуы ауа райының салқын, жаңбырлы, желді болуына байланысты бір айға созылды. Залалсыздандырудан аман қалған шағын көлемінің қанаттанып, үйірленуі байқалуда. Сондықтан қосымша өңдеу жүргізілуде.