Беларусия Республикасы, Пастава қаласында XXXIV Халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалі өтті. Ұлттық аспаптарды дәріптеуге бағытталған байқау 34-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы өнер сайысына бірнеше мемлекеттен 12 топ қатысып, бақ сынады.
Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің «Саялы Сарыағаш» этно фольклорлық ансамблі де аталған «Ұлттық аспаптар әуені» фестиваліне қатысып, үш бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, ұлт аспаптар номинациясы бойынша «Саялы Сарыағаш» жүлделі I орынды иемденді. Ал жеке аспапта орындау номинациясы бойынша ансамблдің домбырашысы Ернар Тұрлыбеков I орын, дуэт, трио номинациясы бойынша ансамбль жетекшісі Сәрсен Ахметов, домбырашылар Ернар Тұрлыбеков, Қанат Шекербеков I орынды иеленді. Осылайша үш дүркін жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асқақтатты.
Айта кетейік, Сарыағаш аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған. Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бастап, дәулескер күйшілердің күйлері мен қазақ композиторларының әндері секілді тағы басқа 40-тан астам шығарма бар. 2008 жылы «Саялы Сарыағаш» ансамбліне «Халықтық» атақ берілді. Қазіргі таңда республикалық, облыстық іс шараларға қатысып өнер жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Өзбекстан Республикасында өткен «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық ансамбльдер фестивалінде бас жүлде иемденген болатын. Сондай-ақ облыста өткізілетін мәдени көпшілік іс-шараларының, салтанатты мерекелік жиындардың, концерттік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Заман талабына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі этно-фольклорлық ансамбль болып, халық арасында ұлттық өнердің нәрімен сусындатты, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді. Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі басталды. Этноауылда ашылу салтанаты өтіп, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды
Алғаш болып фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашты. Этноауылда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және ауданның жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанды. Содан соң дәстүрлі және халық әндері шырқалды.
Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында гала-концерт өткізу жоспарланған. Осыған орай сайрамдық өнерпаздар әуезді ән мен би билеп, Түркістан кешін көңілді етті. Атап айтқанда, Нұршат Мұсырманқұл, Асқар Нұрсұлтан, Жастар квинтеті, № 1 Сайрам балалар саз мектебінің «Жетігеншілер» триосы, Аяла Айдарқызы, Сәбден Байбөрі, Еркеназ Ерғазықы, Айжан Сапарханқызы «Ақсу әуендері» ВИА-ның және «Ғунча» халық ансамблінің сүйемелдеуінде әсем ән шырқап, Үлгілі «Самұрық», «Айназ», «Айгөлек» би топтары көпшілік көңілінен шыға білді.
Аудан-қалалардың өнер ұжымдары алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, кезекпен келіп, өнерлерін көрсетеді. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтетін фестивальдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.