Түркістан облысы бойынша басқармаға қарасты 12 коммуналдық мемлекеттік қызмет көрсететін орталық, мүгедектігі бар адамдарға және қарт азаматтарға мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетіп келеді.
Оның ішінде 10 мекемеде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығымен бекітілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету Стандарттарына сәйкес мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін көрсетумен айналысады.
Оған қоса аудан, қала әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне қарасты 49 үйде қызмет көрсету бөлімдері мен 11 күндізгі қатынау бөлімшелерінде үйде және күндізгі болу жағдайында, мүгедектігі бар балалар мен жалғызілікті қарттарға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде.
Өңірдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде жалпы саны мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде: стационарлық үлгідегі мекемелерде – 20, жартылай стационарлық үлгідегі мекемелерде 7 әлеуметтік маман жұмыс істесе, қалған мамандар аудан, қалаларда үйде әлеуметтік қызмет көрсету және күндізгі қатынау бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет атқарады.
Айта кетейік жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мүгедектігі бар балаларды оңалту орталықтары Түлкібас, Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары мен Түркістан қаласында орналасқан. Сонымен қатар 1 жекелеген санаттағы азаматтарға қысқа мерзімде сауықтыру мен демалуды ұсынатын «Ардагерлер үйі» жұмыс істейді.
Еске салсақ, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастауымен 9-10 маусым күндері Түлкібаста «Зәр шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған патологияларынын емдеудің инновациялық әдістері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Түлкібас аудандық орталық ауруханасында балалар хирургиясы мен урологиясы бейініндегі дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шараға Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласындағы «Медикал Парк» клиникасынан профессор Шейхмус Керем Өзел қатысты.