Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Дермене ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Ауылдастармен атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды бөлісіп, оларды толғандырған өзекті мәселелерін тыңдады.
Дерменеде атқарылған жұмыстар аз емес. Алда атқарылатын істер де жеткілікті. Қала басшысы әр сала бойынша жеке жеке тоқталып, сандарды сөйлетті, қала көлемінде атқарылған жұмыстар туралы толыққанды айтты.
Өткен жылы тұрғындар өтінішімен Дермене елді мекеніндегі Өркенді көшесіне асфальт төселіп, аяқ жол салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылған. Ал Орманды елді мекенінде Думан, Қайнар көшелеріне тас төселінген.
Ал биыл Саналы елді мекенінің ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Яғни 100 тоннаға шақталған су жинау резервуары орнатылып, ауыз су жүйесі жүргізілмеген көшелерге құбырлар тартылатын болады.
Сонымен қатар, Саналыда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжол, Көрікті, Рахат, Өркендеу көшелеріне асфальт төселінбек.
Округ орталығы Дерменені көгалдандыру бойынша да ілкімді жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда елді мекенге 2000 түп қараағаш көшеті отырғызылған. Сондай-ақ, 2000,0 шаршы метр жерге қадалар қағылып, қоршау жұмыстары жүргізілген. Шаһар басшысы егілген жасыл желекті күтіп-ұстау, суару жұмыстарын ауыл әкіміне бақылауда ұстау керектігін ескертті.
Кездесуде Дермене ауылы әкімінің өткен жылғы атқарған жұмыстары мен және биылғы көрсеткеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері мен сұрақтары зерделенді. Тұрғындар көтерген негізгі мәселелер жайылым жер, тұрақты жұмыс, ағын су мәселелері болды. Көтерілген ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, шаһар басшысы ауыл әкімінен мәселелердің шешілуі бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Кездесуден кейін, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, заңға сәйкес жауаптар берілді.