Бүгін аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шара өтті. Адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленді.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы С.Тасқулов, ауданның денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары және аудан тұрғындары қатысты.
-Құрметті медицина саласының қызметкерлері!Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір мемлекеттің басты байлығы – ол оның азаматтары болса, әрбір адамбаласы үшін байлық та, бақыт та – денсаулық. Олай болса, медицина қызметкерлерінің кез-келген қоғамда алар орны қашанда ерекше. Әрбір азаматтың денінің сау болуы сіздердің ерік-жігерлеріңіздің, білімдеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің жемісі.Алдарыңызға қиналып келген науқасты жүрек жылуларыңызбен қарсы алып, әртүрлі жағдайларда да адамның өміріне араша түсіп, барлық тәжірибелеріңіз бен білімдеріңізді ұлт денсаулығын жақсарту жолында қызмет етіп келесіздер. Сондықтан, аудан жұртшылығы атынан тұрғындарға көрсеткен лайықты қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін, -деп құттықтай отырып аудан басшысы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы С. Тасқұлов, ауданның бас дәрігері Б. Мрызалиевтер де құттықтау сөз сөйлеп, алғыс хатпен марапаттап, арнайы құрмет төс белгілері және бағалы сыйлықтар табыстады.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өткізілген салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек,медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі аталып өтеді.