Бүгін аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов аудан орталығындағы үздік білім беру ұйымдарының бірі Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатында болып, мектептің бітіруші түлектерге аттестат тапсыру шарасына қатысты. Алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып жатқан барша түлектердің қадамдарына сәттілік тілеп, ата-аналар мен ұстаздарға алғысын айтты.
Ол өз сөзінде: «Сіздерді бүгінгі білім мерекесі куәлік тапсыру салтанатты шарасымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қызығы мен қиыншылығы мол, қайталанбас балалықтың бал дәуренін артқа тастап, үлкен өмірге жолдама алатын аяулы сәт. Бүгін балалардың есейгенін көріп көз жасына ерік берген ата-ана үшін де, шәкірттерін қимастықпен шығарып салар ұстаздар қауымы үшін де, олармен қоса толқып тұрған оқушылар үшін де ерекше. Сіздер, оқу жылында табандылық пен төзімділік танытып, білім алуға деген құштарлықтарыңызды биік деңгейде көрсете білдіңіздер. Алдағы кезеңде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуды мақсат етіңіздер. Себебі, еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда! Болашақта қалаған жоғары оқу орнына түсіп, ұясынан ұшырған мектептің ғана емес ауданымыздың, еліміздің мақтанышы болуларыңызға тілектеспін!»,-деді.
Қырық алтыншы түлектерін жаңа өмірге қанаттандырған оқу ордасында 7 оқушы «Алтын белгі», 8 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанып отыр. Салтанатты шарада сөз алған аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақыт Бекмұрат оқу үлгерімі, білім бәйгелеріндегі жетістіктері жағынан да көпке үлгі болып келе жатқан мектеп аудандағы көшбасшы білім ордаларының бірі екенін атап өтті.
Айта кету керек, биыл аудан бойынша 824 оқушы мектеп бітіріп, олардың 704-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Түлектердің 67-і «Алтын белгі», 96 оқушы – «Үздік аттестат» иегері атанған.