Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова тиісті сала басшыларына суға шомылу маусымына дайындықты ширатып, қауіпсіздік шараларын пысықтауды тапсырған болатын. Осы орайда, Арыс қалалық Төтенше жағдайлар бөлімі суда адам өліміне жол бермеу мақсатында қалалық әкімдікпен бірге кешенді алдын алу шараларын жүргізуде.
Бүгін төтеншеліктер рұқсат етілген су айдындарына зерделеу жүргізді. Атап айтқанда, облыстық ТЖД-нің жедел құтқару жасағының суңгіуірлері Арыс өзені көпір асты мен Теміржолшы елді мекенінде орналасқан жағажайда су астын қауіпті заттардан (сынған ағаш, бөтелке, шиша, темір) тазартты.
Мамандар тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін сақтауға: көпірлерден секірмеуге; балаларды қараусыз тастамауға; қолдан жасалған жүзу аспаптарын қолданбауға кеңес береді.
Бүгінде барша азаматтың табиғат алдындағы жауапкершілігін сезіндіру, табиғат пен адамзат арасында жаңа көзқарас қалыптастыру бағытында Үкімет тарапынан айрықша басымдық берілуде.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады» деп атап айтқан болатын.
Осы орайда, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен, тұрғындарға «Таза Қазақстан» акциясын кеңінен насихаттау мазмұнында аудан аумағындағы халық көп шоғырланатын жерлерге, орталық көше бойларына, саябақтар маңына арнайы тақтайшалар орнатылды.
Қанатты сөздер жазылған бұл тақтайшалар өз кезегінде ауданның бет-бейнесін бейнелеумен бірге, тұрғындардың қоршаған ортаға құрметпен қарауына септігін тигізеді. Сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуға, жалпы қолайлы жағдай қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны белгілі.