Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың құрылыс жұмыстарының барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр.
Осы ретте, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов спорт нысандарында болып, мердігерлермен кездесті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтап, жауапты тұлғаларға кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша тапсырмалар жүктеді.
Алдымен, аппарат басшысы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Түркістан облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Строй Сервис-7» ЖШС жүргізіп жатыр. Нысан құрылысын биыл қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Спорт кешенінің жалпы алаңы – 1,8 гектар. Ал сиымдылығы 1000 адамды құрайтын нысанның аумағы – 7 248,0 м2. Түркістан қаласы Б. Саттарханов көшесінде орналасқан кешен жертөлені қосқанда, 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгідегі ғимаратта спорт және жаттығу залдары, 8 киім ауыстыратын бөлме, жуынатын бөлмелер, конференц-зал, асхана, медициналық көмек көрсету кабинеті, күту залы, қонақтарды күту бөлмесі, жаттықтырушыларға және әкімшілік құрамға арналған бөлмелер бар.
Спорт кешенінде Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебі орналаспақ. Жалпы, спорт кешенінде 76 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Мұнда спорттың 18 түрімен 1000-ға жуық бала тыңғылықты спортпен шұғылданып келеді.
Еркеғали Әлімқұлов «Тurkеstan-Аrena» орталық стадиондағы аяқталған жұмыстарды тексерді. Қазіргі таңда «Star-Stroi» ЖШС стадиондағы футбол алаңына жер асты жылыту жүйесінің құбырларын орнату жұмыстарын толық аяқтады. Стадионның шығыс беткейіндегі 2 қабатта жылу пункті құрастырылып, қолданысқа беріледі. Сонымен қатар «Almaty Aksu» ЖШС тарапынан футбол алаңын суару жүйесінің құбырларын орнату және құм төсеу жұмыстары аяқталды. Футбол алаңына көгал шөптерінің тұқымдары егілді. Ол автоматты түрде кесте бойынша суарылады және арнайы мамандардың бақылауында. Қазақстан футбол федерациясының мамандары шілде айында стадионды инспекциалаудан өткізу жұмыстарын жүргізбек. Стадионның футбол алаңы толыққанды футбол ойнауға дайын және қыркүйек айына мач өтеді деп жоспарланып отыр.
Осы күні аппарат басшысы Теннис орталығының жұмысымен танысты. Орталық басшысына келішулерге толыққанды қолайлы жағдай жасау керек екенін ескертіп, бірқатар тапсырмалар міндеттеді. Мұнда 24 жаттықтырушы 270 баламен тұрақты жаттығулар өткізеді. 12 жасқа дейінгі балалар тегін қатысады. Орталыққа келушілер спорттың 3 түрінен: үлкен теннис, үстел теннисі және бадминтонмен шұғылдана алады. Теннис орталығының жалпы ауданы – 5006,88 м2, ал жер учаскесінің ауданы – 2,5 гектар.
Бұдан бөлек, Түркістанда жеке инвестор есебінен салынған спорт кешені толық аяқталуға жақын. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын замануи кешенде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Екі қабатты ғимарат киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, конференц-зал, асхана, медициналық көмек көрсету кабинеттері, күту залы, жаттықтырушыларға және әкімшілік құрамға арналған бөлмелермен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда арнайы спортшылар үшін қонақ үй қарастырылған. Пара спортшылардың спортпен шұғылдануына да жағдай жасалған. Қазірдің өзінде футбол алаңшалрында ынталандыру ойындары, жолдастық кездесулер өткізіліп жатыр. Нысанды қыркүйек айында толық пайдалануға беру көзделуде.