Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев жұмыс сапарымен Арыс қаласына келді.
Шаhар басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге әкімдік ғимаратында Арыс қаласы аумағындағы өзекті мәселелер бойынша жергілікті атқарушы орган және тиісті сала басшыларымен, ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Кездесуде мәжіліс қабырғасында биыл атқарған жұмыстарды баяндап, жоғарғы заң шығарушы органның жұмыс қорытындыларын атап өтті. Депутат Арыс қаласында «Таза Қазақстан» акциясынының аясында атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, өзекті мәселерді талқылады.
Қала әкімі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына енбей қалған ауылдар мен қала орталығын енгізу, ағын су каналдарын күрделі жөндеуге, электр желілеріне модернизациялауға қаржы бөлу секілді мәселелерге ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде мәжілісмен әр мәселені назарда ұстап, тиісті органдарға депуттатық сауал жолдайтынын атап өтті.
Бұдан кейін мәжіліс депутаты Арыс аудандық орталық ауруханасына барды. Адам жанының арашасы саналатын мәртебелі маман иелерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ақ халатты абзал жандар Арыс қаласында дәрігерлерге қосымша төленетін экологиялық коэффициенттері басқа мекемелерге қарағанда төмен екендігін атап өтті. Салдарынан медицина қызметкерлері тиісті үстемеақы алмайтынын айтып, мәселені шешуге ықпал етуді сұрады. Сондай-ақ емхана ғимараты ескіргендігін, осыған байланысты жаңа заманауи үлгідегі емхана салынса деген тілектерін жеткізді. Мәжіліс депутаты көтерілген мәселелер бойынша жауапты құрылымдармен тиісті жұмыстар жүргізетіндігін жеткізді.
Іссапар аясында бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Атап айтқанда, Отырар шағын ауданында бой көтеріп жатқан 600 орындық мектеп құрылысы мен жеке инвестор есебінен жүргізіліп жатқан өңірдегі бірегей транспорттық-логистикалық орталық жұмыстарымен танысты.
Бұдан кейін, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Жиында қала тұрғындары өздерінің көкейкесті мәселелеріне тоқталды. Оның ішінде тұрғын үй кезегі, баспана мәселесі, жайылым жер, денсаулық, көшеге асфальт жол салу секілді мәселелер көтерілді.
Мәжіліс депутаты тұрғындардың сұрақтарына жеке-жеке жауап беріп, күн тәртібінде тұрған мәселелерді жазбаша түрде хат ретінде жолдауларын сұрады.
Сондай-ақ бұл сауалдарды тиісті органдарға жолдап, орындалуына ықпал жасайтындығын айтты.