Солтүстік Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқыны кезінде қызмет атқару барысында 2024 жылы 2 сәуірде қаза тапқан Сайрам аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау прапоршигі Бекжан Балдановтың ерлігі Мемлекет басшысы тарапынан еленді.
Марқұмның рухына құрмет көрсетілген шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің аппарат басшысы Ерғали Бахаев, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Бекболат Турекулов, аудан әкімі Арман Сәбитов, Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Мұхан Баймбетов және жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Шараға қатысушылар ел амандығы жолында жанын пида еткен өрт сөндірушіні бір минут үнсіздікпен еске алып, туған-туыстарына көңіл айтты. Оның батыл да батыр іс-әрекеті мен бейнесі мәңгі жадыларында қалатынын жеткізді.
Балданов Бекжан Қуанышұлы 1978 жылы 31 шілдеде Сайрам ауданы, Сиқым ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 2001-2004 жылы Шымкент қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып қызмет атқарған ол 2004 жылдан бері Сайрам ауданындағы №6 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет атқарды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің аппарат басшысы Ерғали Бахаев өзгенің өмірін арашалау үшін өз өмірін қауіп-қатерге тігетін төтеншеліктердің қоғамда алатын орнын айрықша атап айтты. Осынау күрделі салада, төтенше жағдайда қызметтік және азаматтық борышын атқаруда жанқиярлық, ерлік көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған марқұм Бекжан Балдановтың медалін жары Индира Қаліқұлқызына табыстады.
Аудан әкімі Арман Сәбитұлы жиынға қатысушыларға алғысын білдіріп, өрт сөндірушінің өлшеусіз еңбегі өскелең ұрпаққа өшпес өнеге екенін атап өтті.